Жарияланды: 650

Италияның Болонья қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясының 20 жылдығына арналған халықаралық конференция кезінде еліміздің 6 университетінің ректоры аталған құжатқа қол қойды

Алматы. 25 қыркүйек. "Қазақстан Бүгін" - Италияның Болонья қаласында Университеттердің Ұлы Хартиясының 20 жылдығына арналған халықаралық конференция кезінде еліміздің 6 университетінің ректоры аталған құжатқа қол қойды, деп хабарлайды агенттік тілшісі Хабар агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін Қазақстанның 13 жоғары оқу орны Ұлы Хартияға қосылған еді. Сөйтіп, еліміздің жоғары білім ошақтарының еуропалық білім кеңістігіне кірігу процессі қарқынды дамып келеді. Осыдан 20 жыл бұрын Университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойылу арқылы Болонья декларциясы пайда болды. Екі құжаттың да көздегені бір - білім сапасын жақсарта беру, бәсекеге қабілеттілік және академиялық еркіндік. Айырмашылығы, Ұлы Хартияға университеттердің ректорлары, ал, Декларацияға мемлекет қол қояды, тиісінше, міндеттемелерді мемлекет тұтас арқалайды. ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев конференцияда еліміздегі жоғары білім саласына қатысты баяндама жасады. Республикамыздың халықаралық стандарттарды енгізу әрекеті Болонья декларациясына қол қоятын күннің жақындағанын байқатып отыр, деді ол. Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, Болонья декларациясына қосылудың техникалық қырлары ғана қалған. Үш сатылы жоғары білім, стандарттау мен аккредитация, жаңа технологиялар енгізу мәселелерінің көбесі сөгілді. Бірақ, ең басты мәселе түбегейлі шешілген жоқ - диплом алған түлектердің басым көбі кез-келген елде жұмыс істей алмай отыр. Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, мамандарымыздың халықаралық деңгейде жұмыс істеп, дипломдары барлық жерде мойындалуы - біздің мақсат. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін