Қарағандыда жемқорлық әрекеттерге барды деген күдікпен еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының басшысы ұсталды.
«Оған жеке кәсіпкерлерге орталық ғимаратын заңсыз беріп, конференц залда семинарлар өткізгені үшін төленген ақыны иелену салдарынан мемлекетке 207 мың теңге зиян келтірді деген күдік тағылды, Сонымен қатар, директор 323 мың 500 теңге мөлшерінде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталуда», — деп «Интерфакс-Қазақстан» агенттігіне облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлжан Сүлейменова мәлімдеді.
Медициналық орталық басшысы өз қарамағындағылармен бірге орталықта шындығында еш қызмет көрсетпеген және онда жұмыс істемеген адамға еңбекақы берген.
Орталық басшысының үстінен Қылмыстық кодекстің 307-бабы (қызметтік бабын теріс пайдалану) және 176-бабы (өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін иелену немесе талан-тараж ету) бойынша қылмыстық іс қозғалды.