Әзімбек ақсақалдың қазіргі күйі осы.Ауыр соққылардан кейін бірнеше ай төсек тартып, бүгін ғана бас көтерген. Есінде еміс-еміс біледі. Сондықтан сол күнгі қанды оқиғаны еске түсіре алмай әлек болуда.
Әзімбек Абашев, кәсіпкер:
— Ештеме білмеймін, білмеймін.
Қария бір күнде әйелі мен келінінен айырылды. Қаскөйлер екеуін балталап тастаған. Келінінің ішінде екі айлық шаранасы қалыпты. Абырой болғанда, ақсақалдың екі немересі дін-аман. Сұғанақтар оларға ләм-мим деместен, көрпе астындағы 3 млн. теңгені алып кеткен.
— Есікті ашып кіргенім сол еді, есік жабық тұрған. Екі адам, басымнан ұрып, құлатып тастады.
Нұрбол қара күшінің арқасында аман қалды. Қарақшылармен бетпе-бет келіп, едәуір алысыпты. Алайда қараңғы түнде, тұмшаланғандарды тану мүмкін болмаған. Осыған дейін ол қылмыскерлерден қауіптеніп, біразға дейін камера алдына шығудан бас тартқан. Бүгін ғана бет-жүзін көрсетті.
— Шешем мен әйелімнің жазығы жоқ еді. Мен осы өмірге келгенде қиналғаным да жетеді. 15 жыл пайда бағып қиналғам. Маған ақшаның да керегі жоқ. Өлтірмей ақшаны алып кетсе ішім ашымайтын еді.
Марқұмдардың ет жақындары, тәртіп сақшыларына қапалы. Алты ай уақыт өтсе де, баскесерлер қолға түспеді деп отыр. Сондықтан, білікті мамандардың Астанадан келіп, іске араласуын талап етуде.
Ғалия Мәлібекова, келіні:
— Ішкі істер бөліміне көңіліміз толмайды, себебі оның алдында, Абашовтар әулетінде екі ұрлық болған, екеуінде де таппаған. Бұлары үшінші, басынып жатыр ғой былай атқанда. Алдындағы екі ұрлық табылғанда, бұндай іс болмайтын еді.
Аудандағы қызыл жағалылар өздерінше ақталып әлек. Айтуларынша, табандарынан тусылып, қылмыскерлерді іздеп жатқан көрінеді. Күдіктілер де бар екен.
Жеңіс Мамытов, Меркі аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
— Күдіктілердің ізіне түсе бастадық, қазір. Сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін қылмыстық іс ашылады деп болжап отырмыз.
Погон таққан мырзалар болжап жатқанда, Абашевтар отбасы әлі күнге жандарын шүбереке түйіп отыр. Олар қаскөйлер енді ажалдан аман қалғандардың көзін құрта ма деп қауіптенеді. Қазір ешқайсысы үйде жалғыз қалмайтын болған, ағайындары баспананы тіпті кезектесіп күзетуде.