Ресей президенті Владимир Путиннің бүгін басталатын Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Известияға, ал Владимир Путин Қазправдаға мақала жазып, екі ел арасындағы қазіргі байланыс деңгейіне өз бағаларын берді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Орыс басылымдары мен отандық БАҚ екі елдің басшыларының мақалаларын жариялады. Біздің сарапшылар сараплап көрді.
Ресейдің «Известия» газетінде «Қазақстан мен Ресей: стратегиялық серіктестіктің жаңа көкжиегі» атты Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Неге дәл қазір? Өйткені Путин Қазақстанға сапарлап келе жатыр. Ол жыл сайынғы Қазақстан мен Ресейдің арасында өтетін екі елдің шекаралық аймақтарына қатысты өңірлік форумға қатысады. Жеке кездесулер өтеді, біріккен мәлімдемелер де болып қалуы мүмкін.
«Владимир Путин екеуміз үнемі хабарласып тұрамыз,» – деп жазады Тоқаев, бұл қатынастың тек саяси емес, іскерлік тұрғыда да бірізді екенін көрсетіп. Соңғы бір жыл ішінде төрт мәрте толық форматтағы кездесу өткізілген. Мұндай тығыз қарым-қатынас екі ел арасындағы шекаралас ынтымақтастық пен жаһандық тұрақсыздық кезеңіндегі ортақ жауапкершілікті айшықтайды.
Осыған ұқсас мақала 4-қарашада шыққан еді. Мәні, мәтіні ұқсас. Ол сәтте президент Францияға барды және Le Figaro басылымында «Қазақстан — Францияның сенімді және стратегиялық серіктесі» атты мақала жарық көрді. Байқап тұрғанымыздай екі елдің басылымдарында да жарияланған мақала тақырыбында «стратегиялық серіктестік» деген тіркес қолданылады. Бұл бір елді ғана стратегиялық тұрғыдан жақын тартпай, ыңғайы келсе барлығымен байланыс жасауға тырысамыз деген сипатта қолданылса керек.
«Известияда» шыққан мақалада не айтылған? Сауда-саттық және экономика жайлы айтылған. Соның ішінде Ресей осы уақытқа дейін 18 млрд доллар инвестиция құйғаны, қазір 3 жылу электр станциясын салу жұмысы іске асып жатқаны, екі елдің арасындағы бірлескен жобалар мен тауар қатынасы жайлы жазылған. БАҚ-та айтылып, жазылып жүрген статистикалар.
Мақалада Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ықпалдастығының өрлеуі туралы нақты деректер келтірілген. Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ресейлік 23 мың компанияның 4 мыңы соңғы жылда ғана ашылған. Екіжақты инвестиция көлемі 2023 жылы әр тараптан 3 миллиард доллардан асып түсті. Ең қызығы, бұл ынтымақтастық тек дәстүрлі энергетика немесе өнеркәсіп салаларында емес, көлік-логистика мен ауыл шаруашылығында да қарқынды дамып келеді.
«Бұл өз кезегінде Еуразия экономикалық одағының тиімділігін дәлелдейді» деп, дипломатиялық ойынның нүктесін қойды, Тоқаев. Бұл сапарды «мәңгі достық пен тату көршілік символы» дей отырып, біздің еліміз екі ел арасындағы шекараның ұзындығы мен ондағы 32 миллион адамның өміріне аса жауапкершілікпен қарап отырғанын байқатады. Ресейдің кез-келген сөз бен қимылды өзіне қатысты қабылдап, соған бір жеңілтек реакция бере бастағанын ескерген еліміз, осы екі тарап байланысындағы жауапты, салмақты тарапқа айналып келеді. Ресей бізге емес, біз Ресейге басу айтатын болдық.
Путин мен Кремль үшін маңызды саналатын орыс тілі жайлы да жазылған. Кеңес-Герман соғысының аяқталуына 80 жыл толуына байланысты өткізілетін шаралар жайлы түртіп өтіпті. Ресейдің БРИКС саммитін өткізуі мен «Болашақ ойындарына» қатысты да қамтылған.
Мақаланың негізгі месседжі «Ресей мен Қазақстан арасында қайшылық жоқ, екі елдің шекараласатын аймағында 32 млн халық тұрады, бейбітшілік пен татулықты қолдаймыз» деген сипатта.
Путиннің де мақаласы жарияланды. Оның мақаласы «Казахстанская правдада» шықты. Ол да мақаласында экономика, мәдени байланыс, орыс тілі, сауда-саттық жайлы айтады. 60 мыңнан астам қазақстандық Ресейде оқып жатыр, Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығын порттарымыз арқылы тасуға ықпал жасап отырмыз дейді. Бүгін бірақ тағы бір ақпарат шықты. Онда Қазақстан өз мұнайын «Баку-Тбилиси-Жейхан» арқылы тасымалдауды 13 есе арттырып, Ресей аумағы арқылы тасуды еселеп азайтатыны жазылған. Екі елдің энергетикалық компаниялары көмірсутегі кен орындарын бірлесе игеруде, энергетикалық ресурстарды өңдеуде және құбыр жүйесін кеңейтуде бірлесіп жұмыс істеп келеді.
«Екіжақты тауар айналымы өткен жылы жаңа рекорд орнатып, 28 миллиард доллардан асты. Жыл сайын Қазақстан экономикасына ресейлік инвестициялар да артып келеді – бүгінгі күні олардың көлемі шамамен 13 миллиард долларды құрайды. Республика аумағында ресейлік капиталдың қатысы бар 23 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Екі елдің компаниялары өнеркәсіптік кооперация және жоғары технологиялар саласында ірі бірлескен жобаларды жүзеге асыруда, толық индустриялық циклмен жаңа өндірістерді жолға қоюда. Бұл экономикаларды кешенді жаңғыртуға және Ресей мен Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтуға ықпал етеді», — деп пайымдады Путин.
«Протокол тәртібі осылайша әдемі сақталып, келіссөздердің жеңіл өтуіне сәл де болса жол ашқанын сездік. Әрине, атом саласындағы ынтымақтастық бойынша бүгін солтүстік қонақ тарапынан ауыр жүк артылары сөзсіз. Бірақ біз де дипломатияның хас шебері екенімізді ұмытпауымыз керек», — деп пікір білдірді қаржы маманы Айбар Олжаев.
Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали екі сайтта шыққан мақалаларды оқып шығуға кеңес берді. Сонда еліссөздердің сұлбасы шамамен пайда болады. Кездесу тақырыптары осы мақаладағы тезистерден алыс кете қоймайтынын айтты.