Форумға ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов, мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы және салық саласындағы жетекші сарапшылар, кәсіпкерлер, заңгерлер мен бухгалтерлер қатысты. Шараға 1100 адам офлайн қатысса, тағы 2100 адам онлайн қосылды. Форумның басты тақырыбы – жаңа Салық реформасы болды.

Қазақстандық сарапшылар салық реформасы бюджет тапшылығы, көлеңкелі экономикамен күрес сынды объективті себептерге байланысты екенімен келіседі. Бірақ кейбір пункттері бизнеске және тұтынушыларға кері әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен, ҚҚС тіркеу шегін төмендету және ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеру, арнайы салық режимі (АСР) бойынша тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі, шағын кәсіпкерліктің ірі бизнеспен жұмыс істеу мүмкіндігінің болмауы, сондай-ақ дамыған елдерде жоқ банктік операцияларға ҚҚС енгізу сынды өзгерістер алаңдаушылық тудырады.
ҚҚС тіркеу шегінің төмендеуі, тыйым салынған тізім және B2B форматындағы жұмыс істеу мүмкіндігінің болмауы
Жаңа Салық кодексіне сәйкес, ірі бизнес АСР (арнайы салық режимиінде) бойынша жұмыс істейтін кәсіпкерлерден тауар немесе қызмет сатып алса, бұл шығындарды салықтан шегере алмайды. Бұл жағдайда АСР-дегі шағын және орта бизнеспен серіктестік тиімсіз болады.

«Бір жағынан, мемлекетті түсінуге болады: ол салық жинауды арттыру тетіктерін іздеуде. Сондықтан мүмкін істің бәрін жасауда. Бірақ бұдан бизнес зардап шегуі мүмкін. Бұрын мен АСР-де, жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтіндермен еркін әріптес бола алатынмын. Ал енді олар менің қызметімді пайдаланып немесе тауар сатып алса шығынға жатқыза алмайды, нәтижесінде менімен жұмыс істемейді. Осылайша мен клиентті жоғалтпау үшін жалпыға бірдей режимге өтуге мәжбүр боламын.
Ол жерде ҚҚС шегі 40 млн теңгеге дейін төмендетіледі және мен қазір 16% дейін көтергісі келіп жатқан ҚҚС-ын төлеуші боламын. Оның үстіне, КТС да 20%-ға өседі. Барлық салық көлемі 36%. Бұл – шағын бизнеске ауыр соққы. Бұл салықтар бәрібір тауар мен қызмет бағасына қосылады, соңында тұтынушы төлейді. Ал сатып алу қабілетінің төмендеуі ел экономикасына және салық түсімдеріне кері әсер етеді. Соңында төлем қабілетінің азаюына байланысты бюджетке түсетін салық көлемі де азаяды», дейді салық сарапшысы Дмитрий Казанцев.
Форумға қатысқан кәсіпкерлер де ҚҚС мөлшерлемесінің көтерілуі сатып алу қабілетіне кері әсер ететінін айтты. Жүк тасымалдау бизнесімен айналысатын Жанна Мурзагулова Қаржы министрлігі B2B форматындағы бизнеске қатысты шараларды қайта қарастыруы керек дейді:

«Біз – жүк тасымалдаушылармыз. Тапсырыс берушілеріміздің басым бөлігі – ЖШС. Жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін олар біздің қызметімізді шығынға жатқыза алмайды, демек бізбен жұмыс істеу тиімсіз болады. Сондықтан Қаржы министрлігі B2B мәселесін және ҚҚС мөлшерлемесін қайта қарауы керек. Себебі бәрі түптеп келгенде тұтынушының иығына жк болып артылады. Егер барлығы жалпыға бірдей режимге өтсе, онда 40 млн теңгелік шек ешкімге тиімді болмайды. Бизнес бағаны көтеруге мәжбүр, ал адамдар көп төлейтін болады. Соның салдарынан сатып алу қабілеті күрт төмендейді», дейді Жанна Мурзагулова.
Ал АСР бойынша тыйым салынған қызметтер тізімі туралы ҚР Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов форумда сөйлеген сөзінде бұл тізімге қатысты ұстаным өзгертілгенін айтты:
«Ұстанымды өзгерттік. Бұрын рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі құрылатын. Енді біз тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін жасаймыз. Бұл тізімге кірмеген қызметтердің барлығына АСР аясында жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Яғни, айналымы 2,4 млрд теңгеге дейінгі бизнес ҚҚС төлеуші болмайды. Салық мөлшерлемесі – 4%, кей жағдайларда 2%-ға дейін төмендетіледі. Бұл жеке тұлғаларға қызмет көрсететін бизнеске қатысты», деді ол.
Банктік операцияларға ҚҚС енгізу мәселесі
Салық реформасы аясында банктер үшін КТС мөлшерлемесін 20%-дан 25%-ға дейін көтеру және банктік операцияларға ҚҚС енгізу ұсынылуда.
«Мемлекеттің бізді еститінін көріп отырмыз. Бұл – үлкен қадам. Қазақстан бизнесі қандай салық реформасы болатынын, қандай шешім қабылданатынын күтуде. Сондықтан Парламентте қызу талқылаулар жүріп жатыр. Бізді естігенін қалаймыз. Біріншіден, қазір өте маңызды және өткір мәселе – бәріне бірден салықты көтеріп, банктік операцияларға ҚҚС енгізуде. Бұл дамыған елдерде жоқ. Бұл – өте қауіпті, себебі бұл түпкілікті тұтынушыға тікелей әсер етеді», дейді форумның ұйымдастырушысы, салық сарапшысы Екатерина Ким.
«Макбух» компаниясының директоры, бірінші санаттағы салық кеңесшісі Анастасия Макова банктік операцияларға ҚҚС-ның енгізілуі тұтынушыларға қосымша салмақ болады, дейді.

«КТС пен банктік операцияларға ҚҚС өскен соң баға көтеріледі. Банктік операцияларды пайдаланатын жеткізушінің шығындары артады, ал ол бұл шығынды өз бағасына қосады. Сәйкесінше, оның тауарын немесе қызметін сатып алатын адам көбірек төлейді. Осылайша тізбек арқылы барлық өсім салмағы соңғы тұтынушыға, яғни қарапайым азаматқа жетеді», деп түсіндірді сарапшы.
Айта кетейік, ұқсас пікірді 23 сәуірде Алматыда өткен салық форумында сөз сөйлеген басқа сарапшылар да айтқан еді. Олар ҚҚС енгізілсе банктік қызметтердің бағасының күрт қымбаттауы мүмкін екенін астын сызып айтты. Мамандар банктік қызмет бағасының өсуі нәтижесінде қолма-қол есеп айырысу көбеюі мүмкін екенін, бұл өз кезегінде салықтан жалтарып, көлеңкелі экономиканың өсуіне жол ашатынын ескертті.
Жаңа Салық кодексінің жобасын 30 сәуірде Парламент Мәжілісі екінші оқылымда қабылдады. Құжат Сенатқа жолданды, егер Сенат депутаттары қолдаса, Президенттің қол қоюына жіберіледі. Жаңа нормалар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін..