Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
ІІМ-нің 2026 жылғы 22 маусымдағы мәліметіне сәйкес, оқыту бірнеше кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, қызметкерлер теориялық курстан өтіп, арнайы симуляторларда жұмыс істейді және компьютерлік тәжірибелік сабақтарға қатысады.
Бағдарлама аясында ұшқышсыз ұшу аппараттарын нақты қызметтік міндеттерде пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Олар жедел әрекет ету, іздестіру-құтқару және жедел-іздестіру шараларында қолданылатын болады.
«Ішкі істер министрінің тапсырмасымен Жедел-криминалистикалық департамент базасында ұшқышсыз авиациялық жүйелердің оқу-жаттығу зертханасы құрылды. Біздің міндетіміз – заманауи технологияларды күнделікті жұмысында сенімді әрі тиімді пайдалана алатын мамандар даярлау», – деді ІІМ Жедел-криминалистикалық департаментінің бас криминалисі Роллан Молдыбаев.
Ведомствоның мәліметінше, дрондар полиция қызметкерлерінің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Олар түнгі бақылау мен әуе барлауын жүргізуге мүмкіндік береді. Жоғары ажыратымдылықтағы камералармен және тепловизорлармен жабдықталған аппараттар қараңғы уақытта және қолайсыз ауа райы жағдайында адамдарды тиімді іздеуге көмектеседі.
Сондай-ақ дрондар оқиға орнын тергеу-жедел тобы келгенге дейін әуеден бақылап, жағдайды тіркеуге және маңызды айғақтарды сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ұшқышсыз аппараттар таулы аймақтарда, кең далада және жетуі қиын нысандарда тексеру жұмыстарын жүргізуге пайдаланылады. Бұл жоғалған азаматтарды іздеу тиімділігін арттырып, іздеуде жүрген адамдарды бақылау мен ұстау кезінде қауіпсіз әрі жасырын бақылау жүргізуге жағдай жасайды.
ІІМ дрондарды қолданудың тиімділігі іс жүзінде дәлелденгенін атап өтті. Мәселен, Түркістан облысында ұшқышсыз аппараттың көмегімен мал ұрлығы жедел ашылып, күдіктілер анықталған. Сондай-ақ олардың қозғалысы бақылауға алынып, ұрланған мүлікті сатып алушыға дейін жетуге мүмкіндік берген дәлелдер жиналған.
Айта кетейік, 11 маусымда қазақстандық ғалымдардың ұшқышсыз ұшу аппараттарының әуеде ұзақ уақыт болуына мүмкіндік беретін арнайы платформа әзірлегені хабарланған болатын.