БұлБұл туралы Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Шектеу Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 11 шілдедегі №273 бұйрығына сәйкес енгізілді. Тыйым алты ай бойы қолданылады.
Тыйым Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы бойынша 1001 коды бар бидайды үшінші елдерден де, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден де әкелуге қатысты.
Сонымен қатар бірқатар ерекшелік қарастырылған.
Теміржол арқылы бидайды құс фабрикаларына, астық өңдеу кәсіпорындарына, лицензияланған элеваторларға және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясына әкелуге рұқсат етіледі.
Алайда құс шаруашылығы мен астық өңдеу кәсіпорындарына жеткізілген астық тек өз өндірістік қажеттілігі үшін пайдаланылуы тиіс. Оны ішкі немесе сыртқы нарықта сатуға болмайды.
Тыйым Қазақстан аумағы арқылы теміржолмен транзитпен өтетін бидайға, сондай-ақ республика аумағы арқылы жүзеге асырылатын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы теміржол тасымалына қолданылмайды.
Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға жүк жеткізуді жоспарлау кезінде жаңа шектеулерді ескеріп, қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға кеңес берді.