Алдымен бес мемлекеттің премьер-министрлерін Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, қордаланған түйткілдерді шешіп, бір мәмілеге келу қажеттігін баса айтты. Кейін Кеден Одағына мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь премьерлері есікті жауып алып, үш сағат бойы кеңесті. Одан соң кеңейтілген құрамдағы жиынға Украина мен Қырғызстанның Үкімет басшылары қосылды. Одаққа мүше болуға дайын екенін әлдеқашан айтқан ресми Бішкек қаржылай қолдауға зәру. Ал Украина әлі екі кеменің басын ұстап отыр. Еуроодаққа жақындайын десе, көршілерінен тым алыстап кетеді. Екі оттың ортасында қалған Киев түпкілікті шешім қабылдауға асығар емес.