Кеген елді мекенінде құбырдың жарылуына байланыс ауыз су тоқтатылатыны туралы хабарлама тұрғындардың ватсап желісіне айына кем дегенде 5-6 рет келетін көрінеді.
"Суды бір айда он ретке дейін өшіреді. Жарық та жиі сөнеді", — дейді кегендіктер.
Ал су қызметі мамандары "кінә бізден ғана емес" дегенді айтады.
"Дәл қазір 4 жерде құбыр жарылып тұр. Негізі құбырлар анау айтқандай ескі емес. 2009 жылы салынған құбырлар. Су құбыры болған соң жарылады ғой. 60 тонналық машиналар ары-бері жүріп жатыр. Біздің көшелер ондай ауыр жүк көліктеріне жарамайды. Жер қозғалып, салдарынан су құбырлары жарылады. Сондай-ақ жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, оның да салдары болады", — дейді "Кеген су құбыры" МК басшысы Өскен Адинов.
Мамандардың айтуынша, кез келген олқылық дер кезінде жойылып жатыр. Бұл жолы жарылған құбыр да халықты көп күттірмей, жедел жөнделеді.