Кешірім сұраңдар: 91 тобындағы Bala-ның анасы «Меломен» тобына жауап берді - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Кешірім сұраңдар: 91 тобындағы Bala-ның анасы «Меломен» тобына жауап берді

Кешірім сұраңдар: 91 тобындағы Bala-ның анасы «Меломен» тобына жауап берді

Атышулы 91 тобындағы Данияр Құлымшаның анасы «Меломен» тобының әншілеріне жауап беріп, аналық ақылын айтты.

  • 9 Мамыр 2018
  • 54
Фото - Caravan.kz

Меломендіктердің Жан Ахмадиевті қолдап, Байзақова мен 91 тобының әншілерін қамшымен сабау керек деген пікірі Bala-ның анасының шамына тисе керек, деп хабарлайды Stan.kz.

Данияр Құлымшаның анасы Әлия Назарғалиқызының сөзінше, 91 тобы 25 жыл бойы еңсесін көтере алмаған қазақ тілін әлемге танытуға үлес қосқан. Сондай-ақ, ол шашы мен бетін бояп, киімімен ерекшеленетін жігіттердің діни сауаты да жоқ емес екенін айтты.

«Біздің қасымыздағы азаматтарымыз ешкімге титтей де жаманшылық ойламай, 5 уақыт намазын қаза жібермей оқып, әр қазақты бауыры санайды. 91 тобындағы 5 жігіттің де діни сауаты, қазақы руxы бар екенін, олардың Отанына, туған жеріне, xалқына, айналасындағы өзге ұлттарға да үлкен жүректері бар екенін барлық жанкүйерлері біледі. Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсете алады. Оған талай рет куә болдық. Қалай болғанда да өз xалқына пайдаларын тигізіп, 25 жылдан бері мәртебесі көтеріле алмай келе жатқан қазақ тілін әлемге заманауи музыка арқылы танытып, өз нандарын адал еңбекпен, ерікті күш-жігермен, жанды дауыста ән айтып табуды көздеп жүрген жігіттер, біздің көкірегі ояу балаларымыз. Санасына, көкірегіне кішкентайынан ұлттық намыс пен руx құюға тырысып өсірген азаматтарымыз біздің. Аллаға шүкір, сол тәрбиеміз босқа кетпегеніне қазір жайлап көз жеткізіп келеміз…

Осы азаматтарымыз алдына қойған арман-мақсаттарына қол жеткізсе екен. Бастысы көз алдымызда аман-сау жүрсе екен. Ал анау саxналық образ деген не тәйірі… Уақыт өте келе бәрі өзгереді. Сырт келбет қана. Бастысы жүректері адал, пейілдері дұрыс болса болғаны», – деп жазды Bala-ның анасы Instаgram-парақшасында.

Сонымен қатар әншінің анасы «Меломен» тобынан 91 тобының жанкүйерлері мен әншілердің аналарының ренішіне қалмай, «орынсыз» жазбасын өшіруін сұрады. Ерегіссек, заң жүзінде барлығын орнына қоюға болатынын білесіңдер, дейді ол.

«Біздің жігіттерді қамшымен соғып, ақыл үйреткісі келіп жүрген «Меломен» тобындағы жігіттерге айтарым, ойларың, ниеттерің мұсылмандыққа сай ізгі шығар. (Сіздерді намаз оқитын азаматтар деп білемін) «Әр мұсылман – жалғызым» деген ниеттеріңнен айналайын! Саxнаға енді аяқ басқан 91 тобының жігіттерінің де ниеті сондай екенін біле жүріңдер. Оған мен анасы ретінде кепіл бола аламын.


Ерегіс пен өшпенділіктің, ашу-ыза, реніштің арты жақсылыққа апармайды. Қайта бір-біріңе демеу, дос болыңдар. Несібелеріңді адалынан тауып, мен сияқты үйде отырған тілекші аналарыңды үнемі қуантып жүріңдер, інілерім! Отбасыларың аман болып, ұрпақтарың өсіп-өнсін! Анау жариялаған орынсыз жазбаларыңды өшіріңдер! Қаншама қара көз қарындастарыңның, яғни 91-дің жанкүйер-қыздарының және бастысы аналарының ренішіне қалмаңдар. Жүректерін қуаныш пен мейірімге бөлеуге үлес қосыңдар. Түсінесіңдер деп ойлаймын. Ерегіссек, заң жүзінде барлығын орнына қоюға болатынын білесіңдер ғой. Ренжіткен барлық адамдардан кешірім сұрап, жазба шығарыңдар! Мереке күні сондай сауап іс жасап, Алланың мейіріміне бөленіңдер!» – деп жазды Әлия Назарғалиқызы.

Естеріңізге сала кетсек, “Меломен” тобы “жезөкшелерді” қамшымен сабаған рэпер Жан Ахмадиевке қолдау білдірді. Тіпті, оның жаңа бастамасына сәттілік тілеп, алдағы уақытта атышулы Айжан Байзақова мен Ninety one тобын қамшымен сабауға кеңес берген еді.

Соңғы жаңалықтар