Хиджама туралы. Хиджама қандай дерт түрлеріне шипа? - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Хиджама туралы. Хиджама қандай дерт түрлеріне шипа?

Хиджама туралы. Хиджама қандай дерт түрлеріне шипа?

Хиджама қандай дерт түрлеріне шипа? Не себепті соңғы жылдары дәл осы ем түрі халық арасында кең таралып келе жатыр?

  • 19 Қараша 2018
  • 5335
Фото - Caravan.kz

Медициналық білімі жоқ адамның хиджама жасауы қаншалықты қауіпті? Мұндай емге әйелдерге қарағанда ер адамдардың көбірек жүгіну себебі неде? Медициналық тілмен айтқанда «шизофрения», ал қарабайыр айтқанда — «жындануды» осы тәсілмен емдеу мүмкін бе? Бұл туралы дәрігер, «Тыныс» кабинетінде хиджама жасаушы Ғабит Нұрханұлы таратып айтып берді, деп хабарлайды BAQ.kz.

Дәрігер Ғабит Нұрханұлы не себепті жансақтау бөліміндегі жұмысын хиджама жасаумен алмастырғаны туралы айтты.

Ғабит Нұрханұлы: Жаратушымыз бізге не істеген абзал екенін бізден жақсы біледі. Мұхаммед пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бізге дін ғана емес, барлық сала бойынша бағыт сілтеуші. Өзім дәрігер болғандықтан, діндегі денсаулық тақырыбына қатты мән берем. Мен үшін денсаулыққа қатысты айтылған аят, сүре, хадистер қызық. Пайғамбарымыздың Алла тағаламен жүздескен Миғраж оқиғасын білетін боларсыз. Миғраж түні адамзатқа бес уақыт намаз парыз етілген. Сол оқиғаға қатысты Пайғамбарымыздың «Мұхаммед, саған жəне сенің үмбеттеріңе хиджама керек» деген хадисі бар (Бұл мәліметті Астана қаласы Әзірет Сұлтан мешітінің нәйіб имамы Бақытжан Өткелбаев растады. «Хиджама – сүннет амал. Оның адам денсаулығына пайдасы көп. Бұл туралы көптеген хадис бар, соның бірі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың «Сіздер үшін сүннеттің ең жақсы жолы – хиджама жасау» деген хадисі», — дейді ол — тілші). Осы мазмұндас басқа да хадистерді оқығанда «неменеге ең жақсы әдіс?» деген сұрақ туындады.

BAQ.KZ: Сұрақтың жауабын таба алдыңыз ба?

Ғабит Нұрханұлы: Хиджама жасауды Германияда бастадым. Ол жақта кез келген дерт түрін емдеу үшін хиджама жасататын адамдарды көп көрдім. Басы ауырса да, арқасы ауырса да, ұйқысы қашса да, тіпті ауырмаса да профилактика үшін хиджама жасататындар көп болды. Сол кезде қасымдағы дәрігерлерден не үшін екенін сұрап едім, олар жақсы нәтиже барын айтты. Содан, бос уақытым болғанда жергілікті түріктерге хиджама жасап, ол туралы хадистер жинадым. Қазіргі уақытта Қазақстанда жалғастырып жатырмын. Жансақтау бөлімінде 7 жыл реанимотолог болған кезде жап-жас адамдардың инфарктен, ми қан айналым бұзылысынан қайтыс болғандарын көрдім. Қазір ойласам, сол адамдар хиджама жасап, дерттің алдын алса, мүмкін тірі қалар ма еді? Хиджама жүрек-қан тамыры ауруларының, оның ішінде инфаркт пен инсульт, өкпе артериясының тромбоэмолиясы, аяқ артерия веналық тромбтар деген аурулардың алдын алады. Яғни осындай күрделі ауруларды емдегеннен гөрі, оның алдын алған тиімді деген тұжырымға келдім.

Алғашында өзіме тәжірибе жасадым

BAQ.KZ: Ең алғаш тәжірибе жасаған науқас есіңізде ме? Әсері қалай болды?

Ғабит Нұрханұлы: Ең алғаш өзіме тәжірибе жасадым. Қолымнан, бетімнен қан алдым. Әсері тамаша болды. Беттен қан алу қара дақтар мен артық әжімдерді азайтады.

BAQ.KZ: Хиджама қандай дерттерге ем?

Ғабит Нұрханұлы: Хиджама көптеген аурудың алдын алады. Емнің бұл әдісі бас ауруы (мигрень және т.б.), құлақ, тамақ, мұрын, көз, ішек аурулары, қан айналым жүйесі ауруларына, бронх демікпесі, бедеулік және психикалық ауытқушылығы бар адамдардың дертіне шипа болады.

BAQ.KZ: Хиджама адам бойындағы дертті қалайша емдейді?

Ғабит Нұрханұлы: Жүректі моторға, қанды бензинге теңеуге болады. Кез келген дерт түрі қанға байланысты. Мысалы, бүйрекке инфекция қалай түседі? Тікелей қан арқылы түседі. Сол себепті қан тазалығына аса мән беруіміз керек. Біздің бойымызда үш түрлі тамыр бар, олар: күретамыр (артерия), көктамыр (вена) және қылтамыр (капилляр). Күретамыр оттегімен қаныққан қанды, ал көктамыр көмірқышқыл газына, гормондарға қаныққан қанды жүрекке тасымалдайды. Қылтамыр – ең жіңішке және тым жұқа қабырғалы тамыр, ол ағзадағы жасушалық және ұлпалық деңгейдегі зат алмасуды жүзеге асырады. Адамның жасы ұлғайған сайын жасуша суы азаятындықтан, көк тамырдағы қанның жүруі қиындайды. Соның салдарынан күретамырдағы қанда да іркіліс пайда болады. Қан қоюлана бастайтындықтан, қылтамырлар да кеңейе бастайды. Сөйтіп зат алмасу процесі баяулап, әртүрлі дерттер пайда болады. Хиджама жасағанда қозғалыссыз тұрып қалған арам қан ағзадан шығып, қылтамырдағы қысым төмендеп, қан айналымы жақсарады.

Хиджама артық салмақтан арылтады

BAQ.KZ: Діни медицинада қан алдыру арқылы жын шығаруға болатыны жиі айтылады. Тәжірибеңізде ондай науқастар болды ма?

Ғабит Нұрханұлы: Хиджама – жан мен тәннің, рухтың емі деп бекер айтылмаған. Қазір хиджама жасатып жатқан адамның диагнозы: маниакал-депрессив синдром, яғни биполярлы бұзылыс. Бұл дерт түріне шалдыққан адамның еңсесі түсіп, кеудесінде ауыр тас тұрғандай әсерде болып, өмірден түңіліп кетеді. Бұл да шизофрения сияқты созылмалы дерт түріне жатады. Медициналық атауы осылай болғанымен, діни ұғымда бұл дертті «жындану», «жын соғу» деп атайды. Бұл науқас медицинадан ем таппаған соң молдаға барған. Молда бірнеше күн Құран оқып, хиджама жасауға жіберген. Маған екінші рет келіп тұр. Бірінші рет қан алдырғаннан-ақ жағдайы жақсарғанын, көңіл-күйінде өзгеріс болғанын айтты. Әдетте жынды Құран, қамшы, қанжар қолдану арқылы шығарады. Хиджама жасағанда да арнайы құрылғымен адам денесін тілеміз, мүмкін соның әсері ме, әлде қанмен бірге шыға ма – ол жағын нақты айта алмаймын. Бұл – ауқымды тақырып.

BAQ.KZ: Хиджама жасатушылардың көбі әйелдер ме, ер адамдар ма?

Ғабит Нұрханұлы: Әйелдер артық қаннан айына бір рет табиғи жолмен тазарып отырады, сол себепті маған көбінесе ер адамдар келеді. Ал әйелдер келсе басының сақинасы ұстауын емдету, бетін тазалау сияқты мақсатпен келеді.

BAQ.KZ: Артық салмақтан арылу мақсатында келетіндер бар ма?

Ғабит Нұрханұлы: Ондай мақсатпен келгендер жоқ, бірақ хиджамадан кейін салмақ тастағанын айтқандар болды. Қан алған кезде зат алмасу процесі жақсарып, тромбтар ыдырайды. Соның әсерінен адам ағзасында өзгеріс болатыны сөзсіз.

Хиджаманың кері әсері қандай?

BAQ.KZ: Емделу ұзақтығы қанша уақыт?

Ғабит Нұрханұлы: Қан алдыру 1-1,5 сағатқа созылады. Араға бір-екі апта салып, екіге, үшке бөліп емдеймін, яғни банканы арқаға, белге, аяққа бөлек-бөлек күндері қоямын.

BAQ.KZ: Кез келген салада жүрген адам қан алумен айналыса алады. Бұл қаншалықты дұрыс?

Ғабит Нұрханұлы: Шын мәнінде кез келген адам хиджама жасауды үйреніп алуына болады. Халық емшілері мен дәрігерлердің дүниежүзілік ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің рұқсат қағазын алып, хиджама жасай беретіндер бар. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Германияда екпе жұмысы және тағы да басқа денеге ине кіргізетін жұмыстардың бәрін тек дәрігер істеуге ғана құқылы.

BAQ.KZ: Хиджама жасау барысында адам өміріне қауіп төнетін жағдайлар бола ма?

Ғабит Нұрханұлы: Біріншіден, емделуге келген адамның қан қысымын, салмағын өлшеу керек. Білікті дәрігер қан қысымы төмен болып тұрған адамға хиджама жасамайды, себебі оның қаны онсыз да аз деген сөз. Екіншіден, қанша жерден қауіпсіз дегенмен, хиджама барысында кездесетін асқынулар бар. Оның ішінде көп қан алу салдарынан болатын гиповолемиялық шок жəне ауырсыну шогын атап айтуға болады. Мұндай жағдайда ағашқы жəрдемді дұрыс жəне сауатты көрсетпесе, арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Ондай кезде дәрігер ғана дәрі тамызғыш қойып, адреналин салып, алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Үшіншіден, асептика, антисептика ережелерін толық сақтау керек . Яғни науқасқа инфекция кіруден сақтап, тілетін құралдар стерилді болуын қадағалау қажет. Хиджама жасайтын банкалардың материалы пластиктен жасалатындықтан, ол стерилдеуге, ыстық булы пешке қоюға және қайнатуға келмейді. Жай спирт ерітіндісімен сүрткен кезде вирусты C гепатиті, герпес, стафилокок деген инфекциялар кете қоймайды. Сол себепті банкалар бір реттік болу керек. Адамның денесін арнайы медициналық құрылғымен ғана тілу керек. Медициналық білімі жоқ, үй жағдайында қан алатындар тазалық сақтайды деп айта алмаймын. Олар қан алған банканы жуып, келесі адамның арқасына қояды. Ондай жағдайда біреудің дертін екінші адамға жұқтыруың мүмкін. Денені ұстараның жүзімен тілетіндер бар, одан адам денесінде тыртық қалады.

BAQ.KZ: Сұхбатыңыз үшін рақмет!

P.S. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифинг барысында халық медицинасы — медициналық қызмет көрсету түріне жатпайтынын және оған кепіл берілмейтінін айтқан болатын.

«Ғылыми негізі бар немесе ғылыми тұрғыдан дәлелденген, бірақ Денсаулық министрі қарастырмаған қызмет түрлері медициналық қызметтерге кірмейді. Сондықтан мұндай жағдайларда жауапкершілікті азаматтардың өзі алады. Қазіргі уақытта осы салада қандай да бір жоспар енгізу немесе оған тыйым салуды қарастырып жатқан жоқпыз», — деді министр.

Хиджама жасатушыға нұсқаулық:

Хиджама жасатардан үш сағат бұрын тамақ ішуді доғара тұру керек.

Хиджама жасату барысында су, сусын сияқты сұйықтық ішуге болады.

Хиджама жасатушы адам ВИЧ, гепатит сияқты инфекциялық ауруы болса, ескертіп айтуы керек.

Хиджама жасатқаннан кейін бір тәулік демалып, ағзаны тынықтырып алған жөн.

Хиджама жасатқаннан кейінгі бір тәулікте жеміс-жидек, көже сияқты жеңіл-желпі тағамдарды қабылдау керек.

Хиджама жасатқаннан кейін бір тәулік бойы темекі шегуге және сусынды өте суық күйде ішуге болмайды.

Хиджама жасаған жерге суық тигізбей жауып қою керек.

Хиджама жасағаннан кейін үш сағат бойы тұзды тағам жеуге болмайды.

Хиджама жасатқаннан кейін екінші күні адамның дене қызуы көтерілуі мүмкін. Адамның иммунитеті жоғарылағандықтан, дене қызуы да көтеріледі. Ол тез басылады, сол себепті қорқудың қажеті жоқ.

Соңғы жаңалықтар