Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
DW басылымы ресми дереккөздерге сүйеніп жазған ақпаратына сүйенсек, "10 қазанда таңертең Киевте кемі екі жарылыс болды, қаза тапқандар бар. Львов пен Тернопольде кейбір аудандарда электр қуатының жоғалғаны атап өтіледі.
Украиналық БАҚ Киевте 5-ке жуық жарылыс болғанын жазады. Алайда куәгерлердің айтуынша, жарылыстар жалғасып жатыр.
Киевте қызыл метро желісінде пойыздар қозғалысы тоқтатылды, барлық метро станциялары бомбадан қорғаныс аймағы ретінде жұмыс істейді.
DW таратқан мәліметке қарағанда, Украина ішкі істер министрі кеңесшісі Ростислав Смирнов Киевтің Шевченковск ауданындағы жарылыстан 8 адам қаза тауып, 24 бейбіт адам жараланғанын хабарлаған.
Болып жатқан жағдайға байланысты Украина президенті Владимир Зеленский халқына үндеу жасады.
"Украинаның барлық аумағында әуе шабуылы азаймай тұр. Зымыран соққылары бар. Өкінішке орай, жараланғандар мен қаза тапқандар бар. Үлкен өтініш, қауіпсіз жерден шықпаңыздар. Өздеріңіз бен туыстарыңызды қорғаңыздар", – деді ол.
Өткен сенбі, 8 қазанда Ресей Украинадан 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегін Ресеймен жалғайтын көпір жарылып, бірнеше бетон жолы қираған.
Бұған дейін Ресей билігі "Қырым көпіріне шабуыл жасалса, жауап ауыр болатынын" бірнеше рет ескерткен.