Көкшетауда бір топ адам арзанға қызығамыз деп алаяққа ұрынды - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
13 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Көкшетауда бір топ адам арзанға қызығамыз деп алаяққа ұрынды

Көкшетауда бір топ адам арзанға қызығамыз деп алаяққа ұрынды

Көкшетауда бір топ адам алаяқтардың арбауына түсіп қалды. Өздерін Қостанайдағы «Авторассрочка» компаниясының бөлімшесіміз деп таныстырған олар жаңа көлік құнын әр айға бөліп төлеуға мүмкіндік жасаймыз деп жарнамалаған. Осылайша әр тұрғыннан алғашқы жарнасы деп ақша жинап алып, іс-түссіз кетіпті. Алаяқтарға 250 мың теңгеден ұстатқан тұрғындар алданғандарын кеш түсініп, енді құзырлы орындарды жағалап жүр.

  • 8 Қараша 2013
  • 291
Фото - Caravan.kz

Компания менеджері бейнетаспаға түсірілген су жаңа көліктерді жылт-жылт еткізіп көрсетіп, келген адамның көңілін аулаған. Пайыздық  үстемесі жоқ, бөліп төлеуге аса қолайлы мұндай мүмкіндік банктердің өзінде жоқ. Сондықтан, көлік мінгісі келгендер жанталасып жүріп алғашқы  жарнасын жылдам жинап беріпті.

Алтынай Бостанова, зардап шегуші:

— Сенгеніміз енді, ЖШС-ның бізге тәртібі ұнады. Біз енді жас отбасымыз ғой. Есеп-шотын берді, суреттерін көрсетті. Қостанай қаласында алды, сіздер де аласыздар деді.

Алғашқы жарнаны жинап алғаннан кейін көлік 1 аптада иесіне жеткізілуге тиіс болған. Келісім-шартта солай. Бөлімше директоры Дмитрий Коба деген азаматтың кейбір салымшылар тіпті түрін де көрмеген. Енді көкшетаулық кеңседегі жалғыз менеджер мен директоры телефон тұтқасын көтермейді. Кеңсе есігі болса құлыптаулы. Алданған жұрт өздерін тақырға отырғызған адамды тауып беріңдер деп енді құзырлы орындарды жағалауда.


Қуат Ағасұлтанов, зардап шегуші:

— Алғашқыда бәрі тайға таңба басқандай түсінікті, сенімді болды. Енді кімнен көмек сұрарымызды білмейміз. 250 мың теңгені өз қолыммен апарып бердім.

Алаяқтың аты-жөнінін полиция анықтаған. Қазір оны құрықтау шарасы қолға алынуда деп сендірді ішкі істер департаментіндегілер.

Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

Алданып қалған тұрғындардың шағымына сәйкес, тергеу  жүргізіліп, Көкшетауда алаяқтықпен айналысқан адамның 35 жастағы қостанайлық азамат екені анықталды. Қылмыстық іс қозғалып, қазір оны қамауға алу жағы қолға алынып жатыр.

Көкшетауда талайды тақырға отырғызған атышулы «Миллионерлер клубының» әрекетінен халық әлі сабақ алмаған сияқты. Енді міне, ондаған адам тағы бір алаяқтың тұзағына түсіп отыр.