Жарияланды: 450

Көкшетауда қаржы пирамидасын ұйымдастырған фирманың есепшоттары қамауға алынды

Көкшетауда халықтың ақшасымен жұмыс істеген «КазРосИнвестПроект»шағын несиелік ұйымының есепшоттары қамауға алынды, деп хабарлайды облыстық ІІД.

«Бүгін «Казросинвестпроект» ШНҰ ЖШС-інің есепшоттары қамауға алынды», - деп мәлім етті облыстық ІІД ҰҚКБ бастығы Қанат Нұрмағамбетов жұма күні. Оның айтуынша, ұйымның жұмысын тексеру барысында оның «Бақыт» ЖК деп ресми тіркелгені анықталды. Полицияның хабарлауынша, түнде ІІД оперативті-тергеу тобы «Алатау» сауда үйінде орналасқан кеңседен заттай айғақтарды алып шыққан. «Сағат 00:20-да ІІД-нің оперативті-тергеу тобы оқиға орнын тексеруді аяқтап, содан кейін полицияның кешенді күштері тартылып, оперативті –тергеу тобы кедергісіз өтіп, заттай айғақтарды алып шығуы үшін тірі дәліз жасалды», - деп хабарлайды полициядағылар. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 177 бабының 2 бөлімінің «а» тармағы бойынша (бір топ адамның алдын ала сөз байласу арқылы жасаған алаяқтығы) қылмыстық іс қозғалды. Облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчуктың айтуынша, қылмыстық іс салымшылардың фирма басшыларының алаяқтық жасағаны туралы арызын тексерген соң қозғалған. Осының негізінде фирманың қызметі тоқтатылды. Арызданушылардың есімдері тергеу мүддесі үшін жарияланбай отыр. Ал кеңсенің алдына жиналған салымшылар ұйымның жұмысын жалғастыруды және өздеріне уәде етілген ақшаны төлеуді талап етуде. Ұйым халықтан займ алып, бір айдың ішінде 3,5 есе көбейтіп қайтарған. Бұған дейін хабарланғандай, кеше кешке қалалық күш құрылымдары «Казросинвестпроект» ЖШС-інің құжаттары мен ақшасын қамауға алуға тырысқан. Бірақ ғимаратты сыртынан және ішінен бөгеп тастаған салымшылар құжаттарды ғимараттан шығаруға жол бермеген. Тәртіп сақшылары компанияның құжаттары мен ақшасын сейфке салып, салымшылардың көзінше жауып, мөр басып, таңертең аудит жүргізілетініне уәде етті. Полицейлер салымшыларға үйлеріне тарауларын сұраған, алайда салымшылар ғимаратты таң атқанша күзететіндерін айтқан. Түнде арнайы жасақ пен салымшылардың арасында төбелес шықты. Арнайы жасақ сарбаздары сейфті күшпен алып шықпақ болған. Түнгі сағат 1-де оқиға орнына БАҚ өкілдері жеткенде күш құрылымдарының 300-дей өкілі көшені қоршауға алған болатын. Сауда үйінің ішінде витриналар мен есіктер сындырылған, сейф болмаған. Куәгерлердің айтуынша, салымшылар күш құрылымдарының сейфті алып шығу әрекеттеріне қарсылық көрсетуге тырысқан. Содан кейін тәртіп сақшылары «тірі дәліз» жасап, есікті бұзып, сейфті алып шыққан.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть