Жылан жылы қыс қандай болады? Қазақ халқы ауа райын төрт түлік малға қаратып болжауы тегін емес  - kaz.caravan.kz
  • $ 522.19
  • 606.42
+6 °C
Алматы
2025 Жыл
17 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жылан жылы қыс қандай болады? Қазақ халқы ауа райын төрт түлік малға қаратып болжауы тегін емес 

Жылан жылы қыс қандай болады? Қазақ халқы ауа райын төрт түлік малға қаратып болжауы тегін емес 

Ауа райын малдың іс-әрекеті мен жүріс-тұрысына қарап болжау қаншалықты дұрыс және оған сенуге болады ма?

  • 4 Қараша
  • 1046
Фото - Caravan.kz

Биыл қыс қандай болады? Қазақ халқы ауа райын қалай болжаған? Caravan.kz медиа порталының тілшісі анықтап көрді. 

Есепші деген кім?

Тарихта қазақ халқы ауа райын болжау арқылы алдағы тұрмыс-салтын соған қарай икемдеген дерек бар. Мәселен халқымыз ауа райын болжауда аспандағы жұлдыздарға қараған.

National Digital History ұсынған мәліметтерге сай, көшпенділер дәл осы аспандағы жұлдызға қарап, алдағы уақыттағы ауа райы мен табиғат құбылыстарын болжаған екен. Әсіресе олар жапан далада көшіп-қонып жүрген кезде, дәл осы жұлдыздардың жарығының қалай түсіп тұрғанын, осы жұлдыздар арқылы түнде жол, арық, мал тұратын жерлерді анықтаған.

Тіпті кей деректерде халық арасында ауа райын болжайтын «есепшілер» болған деген аңыз бар. Олар өз болжамдарын ұрпақтан ұрпаққа таратып, ауа райын, маусымдық егу жұмыс кезеңдерін, қыстаудан жайлауға, жаулаудан қыстауға көшетін кезді, кібісе жылын анықтаған. Сондай-ақ олар жұлдызға қатысты да болжам жасаған.

«Аспан сыры» (Аспан туралы әңгімелер) кітабының авторы, ғалым Хасен Әбішев былай деп жазады:

«Қазақтар өз тіршілігімен айналысу үшін көбіне жұлдыздарға қарап бақылау жүргізуге мәжбүр болған. Таңғы салқын уақытта немесе түнде көшіп-қону әрі жолаушыға, әрі малға қолайлы. Аптап ыстықта кең далада, құм арасында қойлар қозғала алмай, көбіне бір орында тұрып қалады. Ал Сарыарқаның кең даласында, Қызылқұм мен Бетпақдаланың шөлдерінде, жайлауға көшкен кезде малшылар Поляр жұлдызына, Үркер мен Орионға қарап, түнгі уақытта бағыттарын анықтап, малды құдықтарға қарай айдаған. Тіпті Алатаудың таулы өңірлерінде де түнгі көшу қиындық туғызбаған. Есепшілер табиғаттағы түрлі құбылыстарды салыстыра отырып, ауа райын алдын ала болжауға тырысқан».

Бұл пікірді әріптесі, ғалым Мыңбай Ысқақов та растайды. Ол «Халық календары» атты еңбегінде былай дейді:

«Бізге есепші деп аталатын адамдар туралы деректер жеткен. Олар аспандағы жұлдыздардың қозғалысын үнемі бақылап, кәсіби түрде есеп жүргізумен, метеорологиямен және уақыт есебімен айналысқан. Бұл кәсіп әкеден балаға мұра болып жалғасқан. Олар ауа райының болжамын жасап, маусымдық жұмыстардың уақытын, қыстаудан жайлауға және жайлаудан қыстауға көшу кезеңдерін анықтап отырған. Есепшілер көзге көрінетін барлық жұлдыздар мен ғаламшарларды жақсы таныған».

Айта кету керек, қазақ халқының ауа райын болжау дәстүрі «Күн қайыру» деп аталған. Бұл сөздің тура мағынасы – «күндерді ашу» немесе «күн есебін жүргізу». Мәселен, кәсіби есепшілерге алдағы айлар мен жылға болжам алу үшін арнайы барған. Ал олардың еңбегіне құрмет көрсетіп, ешқашан сый-сияпаттан тартынып қалмаған.

«Абай жолы» романындағы қазақтың ауа райы болжамына қатысты дәстүрлі дүниетанымы 

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясында Абай мен Қарабас дәстүр туралы, соның ішінде Күн қайыру жөнінде әңгімелесетін бір көрініс бар. Қарабастың атшабар-шағыншысы Абайдың білмейтін талай дүниелерден хабардар еді. 

— «Отамалы» деген не сөз? — деп сұрады бір күні Абай, әжесі бірнеше күн бұрын жаз алдындағы уақытты солай атағанын есіне алып.

«Отамалы» сәуір айының 11-інен кіріп, 17-сінде шығады. Бұл күндері жел мен борансыз болмайды. Дәл осы уақытта қыс бар қаһарын шығарып, соңғы ызғарын төгеді. «Отамалы» деп аталуының себебі мынада: ерте заманда бір байдың Отамалы деген қойшысы болыпты. Сол бейбақ күн қайыруды, яғни ауа райын алдын ала болжауды жақсы білетін адам екен.

Күн суытып, сәуірдің ызғары басталғанда, Отамалы байға: 

«Қойларды өріске шығаруға болмайды, боран болады. Қыстан әлсіреген мал қырылады», — деп ескерткен екен. Ал бай болса, сенбестен, оны сөгіп, «жалған сөйлейсің» деп айыптап, сабап, қойларды өріске айдауға бұйырыпты. Сол күні-ақ қатты боран басталып, үш күн, үш түн тынбай соғыпты. Ақыры барлық қой қырылып, Отамалының өзі де малды тастамай, боранда қаза болыпты. Содан бері сәуірдің сол суық, ызғарлы мезгілі «Отамалы» аталып кеткен екен.

— Әжең дана кісі ғой, көп біледі, — деп әңгімесін аяқтады Қарабас.

Осыдан кейін Абай тағы да сұрақ қоя бастады: «Айдың тоғамы» деген не? (Бұл Плеяд жұлдыздарының аймен үш күн тұтылу кезеңі). Ал «Өлі ара» ше? (Айлар арасындағы ай жарығы мүлде көрінбейтін тұс). Ал «Қыркүйек» атауы қайдан шыққан? — деп сұрады ол.

Абай осылайша көптеген қызықты дүниелерді естіді. Біраз уақыт өткен соң, ол есепшілер туралы да сұрады:

— Ал өзіңіз ауа райын болжай аласыз ба? — деп сұрады Абай, Қарабастың да есепшілік өнерден хабары бар шығар деп үміттеніп.

Қарабас күліп жіберді:

— «Күнәң аз болса, күн есепте!» — дейді ғой бүгінгі молдалар мен қожалар. Егер есепші болудың ілімін меңгерсең, әрине, жақсы іс болар еді. Бірақ мен ол іске шындап кіріспеген соң, көп нәрседен айырылдым. Әйтпесе, есепшілердің айтқандары кей жылдары тура келіп жататын, — деп жауап берді Қарабас.

Ғалымдар күн райын алдын ала сезетін жануарларды анықтады

«Қазақтың өзінің күнтізбесі болған. Бірақ ол ауызша айтылады. Менің тәжірибемде, қар түскен кезде жылқыға қараймын. Егер ол ажарлы болып, түрі жылтырап тұрса қыс жайлы болады, боран аз соғады, аяз болмайды деп үміт етемін», — дейді этнограф Өмір Кәріп

Этнографтың жорамалын жылқыға қаратып айтуы тегін емес. Ғалымдар күн райын алдын ала сезетін 600 жануарды анықтаған. Қазір техника мен құрылғылардың түр-түрі болса да, болжау жағынан тірі табиғат иелеріне жетпеген деседі. 

Saryarqa тарихи порталының жазуынша, қазақ халқы төрт маусымды: қысты — ақ тоқсан, көктемді — көк тоқсан, жазды — жаз тоқсан, күз — тоқсан деп төрт тоқсанға бөлген. Сол төрт тоқсанмен ауа-райын межелеп біліп отырды.

Есептің басы наурыздың күн мен түн теңелетін тұсынан бастады. Содан кейін екі тоқырау, екі теңелу деген бар. Ежелгі қазақтар 12 айдағы 24 амал дегенді жақсы білген. Бір айда екі амал кіреді. Бір амал басы, ортасы, аяғы деп үшке бөлінеді, жеті күннен тұрады. Амалдың басы қатты басталса, аяғы жылы аяқталады немесе керісінше жылы басталса, суық болады.

Наурыздың 9-16 аралығында Әз амалы кіреді. Осы уақытта аспаннан дауыс естіледі, оны төрт түліктің ішіндегі қой ғана ести алады. Себебі қой Меккеден шыққан. Егер адам баласы Әз дауысты еститін болса, жеті атасына дейін бақытты әрі өмір жолы ұзақ болады. Әз амалы кірген күндері ауарайында өзгерістер болады. Мысалы, қар жауады, жел тұрады, боран соғады. 

Айдың 19 мен 26 аралығанда әз-Наурыз амалы кіреді. Сәуір айының 10-15 От амалы кіреді. Шөптің шыға бастауы. 20-25 аралығында Сәуір амалы кіреді. Мамыр айының 10-15-і Сартан дейтін амал кіреді. «Сартан» арабша жұлдыз аты. 20-25-іне Зауза амалы кіреді. Қазақтың Сартан-Рауза амалы деп жүрген амалын кейбір жерде «Құралай салқын», «Құралай киік», «Бескемпір» деп әр өңірде әртүрлі атайды.

Маусым айында Қыркүйек амалы кіреді. Одан кейін Мырза дейтін амал кіреді. Осы кездері ауа-райында жауын-шашын басталады. Шілде айының 16-19-ы Бас шілде амалы кіргенде, ыстық басталады. Шілденің 20-25 күндері Сарша кіреді. Тамыз айының ортасында Үркер амалы кіреді. Одан кейін Сарша тамыз амалы кіреді.

Осы амалдардың ішінде 40 күн шілдесі бар. Қырық күн шілдеде Үркер аспаннан ғайып болады. Ежелгі қазақтар Үркер жерге түссе, құрғақ ыстық болады; тасқа түссе, қапырық ыстық болады; суға түссе, жаз жаңбырлы, жайлы болады деп білген. 

Есепшілер оның ай жарығынан көрінбей тасаланып кететінін білді, бірақ халыққа ұғымдырақ болсын деп солай түсіндірген.

Қыркүйек айында Масақ дейтін амал кіреді. Бұл уақытта егінін теріп болған соң мал жаяды немесе масақ теретіндіктен осылай атаған. Осы аралықта күздің алғашқы салқыны түсе бастайды. Айдың ортасынан кейін Таразы амалы кіреді. Аспанда Таразы жұлдызы туады. «Таразы туса, таң салқын, Сүмбіле туса, су салқын» деген сөз содан қалған.

Қазан айының 9 мен 16-ын Қара жел дейді. Аты айтып тұрғандай жел соғып, қара желдің табы білінеді. Қазанның 19-26 дейінгі аралықты Бұғы мүйізін жуар амалы кіреді. Бұл алғашқы қар жауып, ормандағы бұғылар мүйізін қарға жуып жатқан кезі. 

Қараша айының алғашы күндері Қауыс деген амал кіреді. Ол жұлдыздың аты. Ол күндері де ауа-райында өзгерістер болады. Ал 19-нан кейін Боқырау деген амал кіреді. Даладағы малдардың қиына қырау қата бастайды.

Желтоқсан айында Ақырап деген амал кіреді. Ол күндері де ауа райы құбылмалы болып тұрады. Ай соңында Серне деген амал кіреді.

Қаңтар айының 9-ынан бастап Қырықаяқ дейтін амалы кіреді. Бұл дегеніміз қардың жорғалап жаууы. Астында қалың қар жауады, үстінде көбелек құсап қар қалқып тұрады. Осы айдың аяғында тоқырау болады. Күн ұзарып барып тоқтайды.

Ақпанның басында Ақпан амалы кіреді. «Ақпан ақырып кіреді, қарлы боранды шақырып кіреді» дегендей қыстың ең суық айлары қаңтар мен ақпан. Ал айдың соңында Ұтты дейтін амал кіреді. 

Аспанда тоғыс болатын күндері қазақ ұлы істерді: той, үйлену, сүндет той, тұсаукесерді жасамған, алыс сапарға шықпаған. Өйткені сол күндері аспанда өзгеріс болып, жер сілкінуі мүмкін немесе боран болып, сел жүруі, ауа-райы бұзылуы мүмкін деп сенген. Сәтсіздік әкеледі деп қарайды. 

Ауа райын малдың іс-әрекеті мен жүріс-тұрысына қарап болжау қаншалықты дұрыс және оған сенуге болады ма?

«Ол деген керемет нәрсе. Ежелгі есепшілер тек болжап қана қоймай, ғалым болған кісілер. Есепшілер ұшқан құстың, көктеген шөптің, ауған бұлттың, жүгірген аңның, аққан судың, төрт түлік малдың қимылына қарап отырып та ауа-райын болжай білген. Қараша айында өріске баққан малдың аузына қараған. Мал жайылып жүріп аузына шөп тістеп қайтса, биыл қыс қатты болады деп межелеген. Сосын өрістен айдап келген малы қораға кірмей кері қашатын болса, жыл жайлы болады екен, далаға қашып тұр деп болжаған. Керісінше, малдар өріске тоқтамай, қораға қашатын болса, бүгін түннен бастап ауа-райы бұзылады деп қамданған», — дейді этнограф Болат Бопай. 

Ит екеш иттің де әрекетін бақылап отырған. Ит жауырыннан түлесе, қыс жайлы болды, бауырынан түлесе, қыс қатты болады деп қараған. Жылқы батысқа қарап, танауын шүйіретін болса, батыстан жел соғады, шығысқа қараса, шығыстан жел соғады деген. Қарлығаштың жоғары-төмен ұшуы да көп нәрсені аңғартқан. Жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады деп топшалаған. 

Құмырсқаның илеуіне де қараған. Илеуін бекітіп, жатып алатын болса, дереу ойдағы үйлерді сел жүреді деп дөңге шығарған. Жылан, құрт-құмырсқа сынды ұсақ жәндіктер індерін тастап, көше бастаса, жер сілкінеді деп үйлерінен шыққан.

Наурыздың 21 күні жауған қарды сыпырмайды, күремейді. Өйткені оны сыпырса, басынан бақ кетеді, босағасынынан құт кетеді, қолы қалтақ болып қалады деп сенген. Ол қар өздіген еріп, өздігінен жоқ болады. 

«Ауа-райын болжау тәсілдері өте көп. Ол — қазақтың қашаннан қалыптасқан даналық білімдері. Мысалы, мысық босағаны, ағашты тырнап, мазасы кетсе, ауа-райы қатты бұзылады, жел тұрады немесе боран соғады деп топшалайды. Мысық керіліп ұйықтай берсе, онда ауа-райы ұзақ уақыт жайлы болады. Тауық биікке қонақтаса, жаңбыр жауады. Кешке тауық ұясына ерте кіріп алса, қыстың күні суық бoлады екен, жаздың күні болса, тасқын су жүреді, жаңбыр жауады деген. Тауық жерге қанатын қағып, аунап, тазалана бастаса, жаңбыр жауады дейді. Жаңбыр жауып тұрғанда далада жем іздеп жүрсе, онда ұзақ уақытқа созылған жаңбыр болды. Құмырсқалар илеуін жоғары салса, тасқын болады. Аспандағы бұлттар ортасынан бұзылса, ауа-райы бұзылады. Көктем айында қара қарға суға шомылса, көктем айы керемет жаймашуақ жайлы болады», — дейді маман. 

Мамандардың жорамалы бойынша биыл қыс жайлы болады. Өйткені құмырсқаның илеуі қалыпты, жапырақтар да уақытымен сарғайып, жерге жайырақ түсіп жатыр. Әрі жабайы аңдардың мінезінен де ерекшелік байқалмайды. 

Синоптикердің болжамы да осыған ұқсас.  

«Қыс мезгілі қоңыржай, жылы болады деп күтілуде. Бірақ кей кезеңдерде ауа температурасының жиі өзгеруіне байланысты қар жамылғысында мұз қабыршығы жиі пайда болуы ықтимал», — дейді «Қазгидромет» РМК Басқарма басшысы Жұлдыз Қылышбекқызы. 

Десе де синоптиктер дүйім жұртқа ескерту жасады. Болжам бойынша еліміздің басым бөлігінде ауа райы бұзылып, күн күрт суытады. Синоптиктер: «Солтүстік циклон республика аумағы арқылы тез жылжып, соның әсерінен нөсерлеп жауын жауып, соңы қарға ұласуы мүмкін»,- дейді. Бүгіннен бастап бірқатар аймақта жапалақтап қар жауып, бұрқасын болып, қатты жел мен боран соғатын көрінеді. Ауа температурасы төмендеп, тіпті, түнде термометр бағаны -13 градусқа дейін түсуі мүмкін. Ал күндіз 3 пен 11 градус аяз күтіледі. Қазақстанның оңтүстігіндегі жаймашуақ жылы күндер де бір-екі тәулікте салқындай бастайды.

Қазақы жыл санау бойынша биылғы қыс жылан жылына тұспа-тұс келіп отыр. Осы тұрғыда бұл жорғалаушыға деген халқымыздың танымы қандай болғанын маман айтып берді.

«Биылғы жылан жылы. Қазақта өздеріңіз білесіздер жылан киелі жануар деп есептелмейді, бірақ та жыланның бір өзінің қасиеті бар деп есептеледі. Өйткені жыланға үйге кірген жыланға ата-бабамыз басына ақ құйып шығарған. Жыланға жақсы бір сезіммен қарайды. Сосын жылан жылы ылғи жақсы жыл болады деп ойлайды», — дейді тарихшы Батырхан Жұмабай. 

Перейти к новостям спорта