Сөйлеу, есту қабілетіміз болмағанымен, таңдауға құқылымыз деген Ақмола өңіріндегі жарымжан азаматтар төраға сайлауына түгел келді. Айта алмағанын плакатқа жазып, кәдімгідей қарсылықтарын білдіруде. Онсыз да мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет жасаған қамқорлықтан да талай қағылдық деп отыр. Сондықтан өз жағдайларына қарасар төрағаны өз арасынан сайлауға бекінген.
Гүлмира Байқошқарова, Ақмола облыстық саңыраулар қоғамының мүшесі:
-Төрағаны өзіміз сайлағымыз келеді. Әзірге ұсынысымыз қолдау таппай отыр. Қазір Астанадан республикалық саңыраулар қоғамының Президенті келеді. Өз наразылығымызды соған білдіреміз.
Керең-мылқаулар, әсіресе, шипажайларға берілетін тегін жолдаманы ала алмай сандалған. Пәтер кезегіне тұру, қоғамдық көлікте жүру жеңілдіктеріне де әлі күнге дейін қолдары жетпей жүр. Ал төрағалыққа ұсынып отырған адам бұл қордаланған мәселені шеше алмайды дейді олар. Клуб директоры осыдан кейін сайлауға түсуден өзі бас тартты.
Гүлжан Абыраева, Қазақ саңыраулар қоғамы клубының директоры:
-Даурықпауларыңызды сұраймын. Тынышталыңыздар. Менің төрайым болуға резервте тұрғаным рас.Сіздердің қарсылықтарыңызды көріп, өз кандидатурамды алып тастаймын.
Сөйтіп, қоғам мүшелері өздері ұсынған адамға дауыс берді. Олардың алған беттен қайтпайтындарын көрген басшылар да келіспеуге шарасыз еді.
Тезекбай Исай, Қазақ саңыраулар қоғамының президенті:
-Бұлардың өзі өте қиын адамдар. Бұлардың тілін білмеген соң, мінездері басқа. Бұлардың психологиясын білу керек. Жаңағы мәениет үйінің директоры осының ішінде піскен адам еді. Соны қаламады.
Осылайша, облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы болып заңгер Любовь Сенченко сайланды. Табандап отырып алып, дегендеріне жеткен саңыраулар енді барлық мәселеміз шешіледі деген сенімде.