Қала бойы тау-төбе қоқыстың сыртқа шығарылмай, үйіліп жатуы әсіресе тамақ іздеген хайуан мен азығын сасық контейнерден тауып жеп жүрген қаңғыбастар үшін қолайлы болып-ақ тұр. Қолқаны жарған иістен жұрт әбден мезі болған.
Сабырғожа Рамазанов, Щучье қаласының тұрғыны:
— Барлық қаланың аулалары осындай толып тұр. Қоқыс басып кетті. Сосын мұны жақсаң тағы пәлеге қаласың, өрт сөндірушілер келеді. Бұл курорт. Сырттан басқа жақтан келген кісілер, әртүрлі жағдайда кездесеміз ғой, сонда айтады «аға, мыналарыңның өзі иесіз қала ғой бір» дейді.
Соңғы уақытта мұнда егеуқұйрық сияқты кеміргіштер де қаптай бастапты. Санитар дәрігерлер де әрекетсіз. Сөйтсек, қоқыс төңірегіндегі мәселе ушығып тұр екен. 1 жылдай осы жұмыспен айналысқан «Бурабай нұры» серіктестігінің орнын «Бурабай таңы» ауыстырмақ. Бұл тікелей аудан басшысы Нұрлан Нұркеновтың шешімі дейді. Енді екі мекеме қоқыс төгу құқығы үшін шайқасып жатыр.
Гуля Жезбаева, «Бурабай нұры» ЖШС директоры:
— 3 апта болды жұмыс істетпей отыр. Жаңа әкім өз адамдарын әкеп жатыр. Бұл адамдардың мендегі техниканы әкетуге ешқандай құқығы жоқ. Менің кәсіпорныма берілген құқықты негізсіз өзгертуге оларға кім рұқсат етті.
Аудандағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде де жағдайды түсіндірер жан қалмапты. Бастығы абақтыда, орынбасары қаржы полициясына кеткен.
Дархан Құлахметов, Бурабай аудандық «Тұрғынүй коммуналдық шаруашылық» ММ қызметкері:
— Мына қызметкер жұмыстан шығып кетті. Мен инженер техникпін по контракту пока.
— Жұмыс істейтін адам жоқ дейсіз ғой?
— Адам жоқ.
Қоқыс жинайтын жаңа кәсіпорын қағаз жүзінде құрылғанымен іске әлі кіріскен жоқ. Әзірге кірісе алмайды да. Өйткені, бұрынғы серіктестік басшысы, арнайы техниканы сот шешімімен ғана беремін дейді. Бұл жақын арада қала қоқыстан тазармайды деген сөз.