Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.
Өз сөзінде М.Нұртілеу бұл отырыс жаһандық қауіпсіздік жүйесі күйреу алдында тұрған сыни сәтте өтіп жатқанын атап өтті.
«Ондаған елдер қақтығыстар мен тұрақсыздыққа ұшырап, мыңдаған адамның өмірін қиды, ал бүкіл континенттер климаттық дағдарыстан зардап шегуде», – деді ол.
ҚР СІМ басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының алдыңғы сессиясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Бейбітшілік пен келісім үшін әлемдік бірлік»бастамасын іске асыру қажеттігін еске салды. Ол жаһандық мәселелерді шешуге ортадержавалардың белсенді қатысуына шақырды.
«Орта державалар мен дамушы елдердің дауыстары келіспеушіліктерді еңсеру және тұрақты халықаралық қауіпсіздік архитектурасын құру үшін маңызды», — деді ол.
Қазақ дипломаты өз сөзінде ядролық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Ядролық қатерлер риторикасының күшеюі ядролық қаруды таратпау туралы шартты және барлық ядролық державалардың ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шартты қатаң сақтауды талап етеді», — деп атап өтті министр.
Климаттық сын-қатерлер туралы айта отырып, М. Нұртілеу дамыған елдер мен халықаралық қаржы институттарын Париж келісімінің ережелеріне сәйкес табысы төмен және орташа елдерге жасыл технологиялар мен жеңілдікті қаржыландыруды ұсынуға жәрдемдесуге шақырды.
Министрдің айтуынша, Қазақстан 2026 жылы Өңірлік климаттық саммит өткізуді жоспарлап, өз үлесін қосуға ниетті.
СІМ басшысы Мемлекет басшысы жүргізіп жатқан Әділетті Қазақстанды құру жөніндегі реформалар шеңберінде елімізде өлім жазасы жойылғанын, балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін, азаптауға мүлдем төзбеушілік саясаты жүргізіліп жатқанын және ұлттық алдын алу тетіктері нығайтылғанын атап өтті.
Осы тұрғыда сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның Орталық Азия басқа елдермен және Моңғолиямен бірлесіп, өлім жазасынан босатылған алғашқы өңір болу бастамасы туралы хабардар етті.
2030 жылға дейін орнықты даму саласындағы күн тәртібін орындау мерзімінің жақындауы контестінде, сондай-ақ өңірдегі БҰҰ агенттіктерінің қызметін үйлестіруді күшейту тұрғысынан министр БҰҰ-ға мүше елдерді Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы ҚР бастамасын қолдауға шақырды.
Теңізге шығатын жолы жоқ ірі ел бола отырып, Қазақстан осы мемлекеттер тобының мүдделерін белсенді түрде ілгерілетуде.
«Прогреске қарамастан, біз Вена іс-қимыл бағдарламасын толық жүзеге асырудан алыспыз. Сауда мен көлік дәліздерін дамыту бойынша шектеулі мүмкіндіктер біздің осалдығымызды күшейтіп, борыштық жүктемені ұлғайтып, инвестиция көлемін қысқартады», — деп атап өтті министр.
Қазақстан қазірдің өзінде Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торапқа айналды және позицияларды одан әрі нығайту үшін «Бір белдеу, бір жол» жобаларымен, Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізімен және Транскаспий маршрутымен синергияны күшейтуді жоспарлап отыр.
М. Нұртілеу цифрлық трансформацияның маңыздылығын жеке атап өтті.
«2030 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібі технологияларға тең қолжетімділікті талап етеді. Жасанды интеллекттің дамуы бізге киберқауіптер мен деректер қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жаңа қиындықтар туғызады», — деді министр өз сөзінде.
Министр этикалық стандарттарды әзірлеу үшін жасанды интеллект мәселелері жөніндегі БҰҰ Кеңсесін құру уақтылы шешім екенін атап өтіп, БҰҰ-ның осы процестердегі рөлін күшейтуді ұсынды.
Қорытындылай келе, Қазақстан СІМ басшысы Болашақ саммиті мен БҰҰ Бас Ассамблеясының ағымдағы сессиясы барлық ұрпақ үшін жарқын, инклюзивті және қауіпсізболашаққа жол ашатын маңызды қадамдар болатынына сенім білдірді.
«Бұл іс-шаралар біздің ортақ болашағымыз үшін өзгерістерге жол ашсын», — деп сөзін аяқтады.