«Заң жоқ жерде кек туады». Бұл криминалға, экшн, фантастикаға толы «Joker»фильмінің негізгі қағидасы. Бас кейіпкерде осыны көрерменге дәлелдеумен жүреді. Жалғыз бауырынан айырылған Чина есімді жігіт, қаскөйлерден кек алуды көздейді.
Талғат Жаныбеков, «Joker» фильмінің режиссері:
— Бұл қолымызда бар қаржыға түсіріліп, әрі 100 пайызға көңіліміздегідей шыққан туынды. Сондықтан көрерменнің де, кәсіби шебердің де жоғары бағасына ие болуы тиіс. Ол үшін барамызды салдық.
Баукеспелерді бірінің артынан бірін жер жастандырған Чина ақыры соңында әділдікке қол жеткізеді. Айта кету керек, өлім-жітім мен атыс-шабыс көп болғандықтан киноны тек 18 жастан асқан көрермендерге көруге рұқсат етілген. Десе де қанды көріністерді жеңілдету үшін режиссер біраз тер төккенін алға тартады. Шебердің бұл еңбегін кәсіби мамандар да байқапты.
Ақан Сатаев, режиссер:
— Мұндай ақ-қара түсте фильм түсіруге үлкен батылдық, сенімділік керек. Енді шығармашылық топқа фильм өз аудиториясын тауып, еңбектерінің ақталуын тілеймін.
Шабан рөлін белгілі ресейлік Виталий Кищенко сомдап шықса, қалған образдарды жас мамандар орындайды. Бас кейіпкер — Чинаны талай апаттан алып қалған қартты, көрерменге «Шал» туындысынан танылған Ерболат Тоғызақов алып шыққан. Осы қарияның атсалысумен әділдік іздеген жас жігіт ақыры діттегеніне де жетеді. Кек алудың соңы ажалмен тынады. Тек кімнің? Жауабын ертеңнен бастап, отандық кинотеатрлардан біле аласыздар!