Ләйлә Сұлтанқызы: “Баянның тағдырын басқаның басына бермесін” - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ләйлә Сұлтанқызы: “Баянның тағдырын басқаның басына бермесін”

Ләйлә Сұлтанқызы: “Баянның тағдырын басқаның басына бермесін”

 Астанада «Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты ауқымды конференция өтті.

  • 25 Сәуiр 2018
  • 349
Фото - Caravan.kz

Шараға тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы қатысқан. Әйел құқығы, әйел теңдігі жайында пікір білдірген. Шара аясында аздаған үзілісті пайдаланып Сұлтанқызымен сұхбаттасқан едік.  

 – «Жер бетіндегі миллиард әйелдің көз жасын жинаса бесінші мұхит пайда болар еді» деген сіздің сөзіңіз. Мұнымен не айтқыңыз келді? Әлемдегі әйелдің жағдайы соншалықты мүшкіл ме?

– Бұл теңеу ғой енді. Бес жыл «Әйел бақытын» жүргіздім. Бағдарламаға келетін хаттардың 90 пайызы әйел жанайқайы еді.

Жалғыз қалған, күйінген, күйеуі ұрған, көзіне шөп салған, тұрмыс тауқыметін тартқан әйел мұңы…

Әйел затының жүрегі жұмсақ қой жалпы. Сәбиі жыласа да жылайды. Күйеуі қол көтерсе де жылайды. Құрбысы ауыр сөз айтса да көз жасына ерік береді. Қуанышта да, қайғыда да жылайды әйел.

Жер бетіндегі миллиард әйелдің көз жасын қоссаңыз телегей теңізді толтырар еді дегенім содан.

– «Әйелдің бірнеше түрін білемін» деген де сіздің сөзіңіз. Үйшік әйелді, мансопқор әйелді мысалға келтіріпсіз. Өзіңізді қай қатарға қосар едіңіз, Ләйлә?

– Мен бе? Мен үйшік әйелмін. Үйге ешуақытта күйеуімнен кейін келмеймін. Кешкі уақытым міндетті түрде отбасыммен өтуі тиіс.

– Ел-жерді жиі аралайсыз. Ара – тұра бұл ұстанымыңызды бұзуға тура келетін шығар?

– Жоқ. Іссапарға шықсам ерте барамын да, кешкі асқа дейін ораламын. Бұл тәртіп. Бұл қағида. Біздің үйде сондай заңдылық бар. Тұрмысқа шығарда отағасымен арада келісіп пішілген дүние. Бұл жазылмаған заң. Оны бұзуға болмайды.

Кешке үйде болуым керек. Кешікпеуім керек. Үйге күйеуімнен, балаларымнан кейін кірмеуім керек.

– Бірақ, қызметіңіз бар ғой…

– Иә, қызметім де бар. Бірақ мансап қуған емеспін ешқашанда. Дегенмен түбінде табысты әйел атануға деген мақсат-мұрат бар.

Әйел неге табысты болғысы келгісі келеді? Ең алдымен балаларының болашағын ойлағандықтан. Күйеуі үшін, қоғам үшін табысты болуды көздемейді ешбір әйел.

– Сұрайық дегеніміз сіз Баян туралы сирек айтасыз осы. Неге?

– Адамның сыртынан сөйлеуге болмайды ғой. Іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығын оның өзіне ғана айтқан жөн шығар. Оның үстіне бір медиакеңістікте жұмыс жасаймыз. Сыйластық сақталуы керек қой.

Баянды әйел ретінде сыйлаймын. Баянның басынан өткенді ешкімнің басына салмасын.

Жеме-жемге келгенде қыз өсіріп отырмыз, қарындасымыз бар, әпкеміз бар. Жездеміз әпкемізді ұрса жанымыз шыға жаздайды. Солай емес пе?

– Ажырасқалы бері Алагөзова да әйел теңдігі, әйел еркіндігі деген мәселелерді ұрандатып жүр. Қазақ қоғамына Баян көтерген мәселелер тұрпайы естілетін сияқты. Қалай ойлайсыз, Баянның ұстанымы қазақтілді қоғамның түсінігімен үйлесе ме?

– Иә, қазақтілді аудиторияның Баянның көзқарасын құптай бермейтінін білем. Бұл алшақтықты қолдан жасап алғандаймыз.

Мәселе Баянда емес, жалпы өзге тілде сөйлейтін қазақтардың ой-пайымы қазақтілді ортада қабылдана бермейді. Бұл да қателік.

Баян дұрыс дүние айтуы мүмкін, бірақ біз бұрыс қылып көрсетеміз.

Баянды жұртқа жеккөрінішті еткен көп жағдайда қазақтілді басылымдар.

Баян табиғатында тікмінез. Сәлеміміз түзу. Көп көріскен де емеспіз, негізінде.

 – «Әйел бақыты» бағдарламасы жабылды. Белгілі бір дәрежеде қазақ қоғамы үшін табу тақырыптарға бардыңыз. Эфирге қызтеке де, жезөкше де шықты.

Десе де, қоғам мұндай мәселелерді ашық талқылауға дайын емес сияқты. Сынға қалғаныңыз да содан болар…

–  Білемін. Мені сынайтындарды да, сыртымнан сөйлейтіндерді білемін. «Оңбаған Ләйлә эфирге жезөкшені шығарды, қызтекені шығарды жарнамалап… Ұяты қайда?!» дегендерді де естідім.  

Жарайды, мен-ақ жаман болайын.

Менен кейін қоғамдағы сорақы көріністердің бәрі ізім-ғайым жоғалып жатса кәнеки?! Жоқ, жоғалмайды.

Мен айтпады екен деп, гей жігіттер азайып жатыр ма? Мен айтпады екен деп, жезөкшелер жоғалып жатыр ма?  

Сосын бұл жарнама емес. Мұның бәрі бар. Болған. Бола да береді.

Біле білсеңіз, ВКонтактідегі гейлер өзара қазақ тілінде сөйлеседі.

Бұған кім тосқауыл қояды? Мұны кім зерттеп жатыр?

Ауылдан келген балаларға қалай қызтеке болуды үйрететін сайттар белуардан келеді.

ВКонтактідегі порно топтардың аяқ алып жүре алмайсыз. Міне, осы топтарға қазақтың 10-12 жасар балалар кіреді. Әке-шешесі қолдарына смартфон ұстатып қойған. Балаларының не тындырып жүргенін білмейді де…


Ал мұны кім бақылайды? Кім жолын кеседі? Қазір мұны мен айтайыншы, жеккөрінішті боламын. Жаманатқа қаламын.

Ақыры күйеуімнен сөз естідім. «Айналайын, тыныш жүрші. Аулақ жүрші. Парақшаңнан пайда тап одан да. Бұған бола неге сонша күйінесің?» деді ол.

Жарайды, үндемей-ақ қойдым. Бес жыл, он жыл өтер. Қазіргіден де сорақы жайттарға куә боламыз.

Себебі, айтқымыз келмейді. Көрмегендей, білмегендей боламыз.  

– Әйел теңдігі дейміз, әйел саясатқа араласу керек дейміз. Әйел теңдігі деп жатады. Мәселе қазақ әйелінің өзі мұны қалай ма мұны, ұмтыла ма бұған?

– Әйелдің мықты болғанынан не пайда? Біріншіден, біз намысшыл ер-азаматтардың қытығына тиеміз. Шекараны білу керек, шекарадан аттамау керек.

Әйел болу бақыт. Әйел болу сор. Оның бақыты қанағатында. Ал соры сабырсыздығында.

– Соған қарамай «Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» атты конференциясына қатысып жатырсыз. Мұндай шаралар бізге не береді?

– Ауылдағы апаларымызға, қыз-келіншектерге мұндай шараның керегі жоқ. Олардың өз өмірі өзінде.

Бұл шараның басты мақсаты гендерлік теңдік дегеннің не екенін ұғындыру. Оның түпкі мақсаты не? Көпшілік мұны әлі күнге түсінбейді. Теріс ұғынады. Мағынасын бұрмалап жібереді.

Гендерлік теңдік деген әйелдердің шалбар киюі, көлікке отыруы немесе шылым шегуі болмаса ер-азаматпен сөз таластыруы емес. Гендердік теңдік – әйел құқығы табанға тапталған кезде көмекке келетін, араша түсетін принцип.

«Қазақстандағы әйелдер құқығы: мүмкіндіктер мен кедергілер» конференциясында осы мәселенің ақ-қарасын ажыратып айттық. Әйел тағдырына, әйел мәселесіне қатысты бұдан өзге де өзекті мәселелерді сөз еттік. 

Әйел өзінің құқығын білуі тиіс. Ол құл емес, ол күң емес. Балаға көзі ашық, санасы ояу ана керек. Анасы білімсіз болса, баласыз да білімсіз болып өседі. Қалай болғанда да баланы қарайтын әйел. Еркек түздің адамы.

– Дінде әйелге қай кезде, қандай жағдайда қол көтеруге болатынын меңзейтін аяттар бар екен. Әйелдерге ақыл-кеңес берерде діни қағидаларды қаншалықты ескересіз осы?

– Біз зайырлы мемлекетпіз. Елдің бәрі діндар болуы мақсат емес. Бәріміз қыз өсіріп отырмыз.

Мәпелеп өсірген қызыңызды біреуге төртінші әйел етіп берер ме едіңіз?  Адал жар, аяулы ана атанып, барған жерінде жерінде бақытты болғанын қалайсыз ғой? Сөйтеміз де әйелді ұру керек дейміз. Сөзіміз бен ісіміз сәйкес келмейді.

Өткенді бір діндар осы туралы айтты. Артынан кешірім сұрады. Себебі, қоғам қабылдаған жоқ.

Әйелді ұру дегенге қарсымын. Ұрмай сөзбен түсіндіруге шамасы жетпесе, бұл ер-азаматтың әлсіздігі. Әйел әдейі істемейді. Қасақана күйеуінің шамына тимейді.  Демек, сен әуел бастан қателік жібердің.

– Қазіргі қазақ әйелі кімнен үлгі алуы керек? Белгілі бір эталон бар ма? Өзіңізді сол эталондардың қатарына қосасыз ба?

– Жоқ. Өзгелерді де үлгі қыла алмаймын. Үлгі дегенде ай десе аузы, күні десе көзі бар, отбасына да, жұмысына сүйкімді, бес-алты баланың анасы, енесінің күтімін, күйеуінің қамын жасап отырған мінсіз әйелді елестетеміз көз алдымызға. Бірақ ондай әйелдер бар ма? Қойыңызшы…

Бәлкім, бар да шығар. Ауылда. Бірақ, біз оларды біле бермейміз.

                                                                                                                                          Дереккөз: dalanews.kz

Оқи отырыңыз:

ШҚО-да мұғалім мектепте босанып, сәбиін дәретханаға тастаған

Ақтөбе облысында жүк көлігінен ер адамның мәйіті табылды