Жарияланды: 460

Лаңкестікпен күреске барлық мемлекеттік және жергілікті органдар жұмылатын болады

Соңғы екі-үш жылда елімізде бірқатар лаңкестік әрекеттер орын алып, соның салдары бұрын болмаған қайғылы оқи­ғаларға ұласқаны белгілі. Сарапшылардың пайымынша, бұл дін исламға жат саналып, теріс ағымның қатып қалған қатыгез қағи­дасымен қаруланған адастырушы ағым­дардың жетегінде кеткендердің тірлігі.

Сондықтан да, ел қауіпсіздігіне төнетін қатерлер, қауіптердің түрі де ауқымы да кеңи түскен болатын. Соған орай, еліміздің тыныштығын лайламай, лаңкестік қатеріне қарсы шараны күшейту мақсатында Мемлекет басшы­сы Нұрсұлтан Назарбаев Ата заң берген құқықты пайдаланып, арнайы заң жобасына бастама жасаған еді. Сондай тәртіппен Парламентке ұсынылған заң жобасын кеше Сенат екі оқылымда қарап, қабылдады. Құжаттың басты мақсаты - барлық мемлекеттік органдарды, қоғамдық институттарды, жалпы халықты тарта отырып, лаңкестікке қарсы іс-қимыл бойынша кешенді көзқарасты қалыптас­тыру. Бұл ретте ең алдымен жергілікті билікке басым шаралар жүктеліп, лаңкестіктің алдын алу жұмысына жан-жақты қарекет бітеді. «Заңды қабыл­дау қажеттілігі халықтың кейбір бөлігінің радикалдану көлемінің кеңеюіне және соның салдарынан елімізге лаңкестік көріністердің өсуіне байланысты туындап отыр. Әлгіндей келеңсіз көрініске, сыртқы факторлармен қоса, жеке қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық проблемалар, құқықтық мәдениеттің жалпы төмен бо­луы, діни сауатсыздық, қоғамның қылмыс­тануы, бюрократтық және сыбайлас жемқор­лық зор ықпал етеді. Ендеше, мұндай жағдайда тек күшке сеніп қана лаңкестік әре­кетпен күресу еш мүмкін емес», - дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қабдылкәрім Әбдіқазымов. Түптей келгенде, Президент бастамашылдығымен қабылданған заң ең алдымен лаңкестік пиғылды тудыратын себептер мен жайттарды жою арқылы көп кешенді шараларды қамтуға бағытталған нормаларды қарастырады. Сол үшін жаңа құжатта мемлекеттік органдар мен жергілікті билікке заң арқылы жаңа құзіреттер белгіленеді. Тоқтала кететін жайт, қолда­ныстағы заңда мемлекеттік органдардың лаңкестікке қарсы күресіндегі құзіреті нақты анықталмаған. Мәселен, әлгіндей қатермен күресуге мүдделі 21 органның алтауына ғана нақты заңдық құзірет беріліпті. Сол үшін заң жобасы арқылы лаңкестікпен күреске бүкіл мемлекеттік органдар жұмылдырылады. Құжаттағы басты жаңалықтардың бірі «лаңкестік» ұғымы нақтыланып, оның қағидаттық мазмұны қайта қарастырылып, кейбір жері кеңейтіле түседі. «Сарапшылар қазіргі заманғы лаңкестікті нақ­ты қылмыстық әрекет деп емес, ке­рі­сінше, өзіне әлеуметтік қарама-қай­шы­лықты топтастырған қоғамда зорлық-зом­былық пен қақтығыс деңгейіне жеткен күр­делі әлеуметтік саяси құбылыс деп тү­сіндіріп жүр. Сол үшін заңнамада лаңкестікке қағидатты түрде жаңа анықтама беруге тырыстық. Ол былай тарқатылады: «Лаңкестікке дегеніміз - күш қолдану идео­ло­гиясымен халықты үрейлендіруге байла­нысты же­ке адамға, қоғам мен мемлекетке зиян кел­тіруге бағытталған күш қолдану, қыл­мыстық әрекеттерді жасау немесе жа­сай­мын деп қоқан-лоққы жасау арқылы мем­ле­кеттік және жергілікті өзін-өзі басқа­ру органдарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың шешім қабылдауына ықпал ету практикасы», - дейді ҰҚК төрағасының орынбасары Қабдылкәрім Әбдіқазымов. Оның айтуынша, «лаңкестік» терминіне «күш қолдану идеологиясы» ұғымын енгізу лаңкестікке қарсы іс-қимыл ұғымының негізгі үш бағытын заңды түрде бекітуге негіз болады. Атап айтқанда, бірінші - лаңкестік профилактикасы, яғни қоғам мен мемлекеттің барлық тіршілік саласын­да лаңкестікті туындататын және лаңкестік актілерін жасауға мүмкіндік беретін жағдайларды болдырмау. Екінші - лаңкестік әрекеттерді анықтау, оның жолын кесу, лаңкестік қылмыстарды ашу және тергеу. Үшінші - барлық күштер мен құрылымдарды жұмылдыру жолымен лаңкестік салдарын барынша азайту немесе жою. Бұдан бөлек, алдын алу шараларын ұйымдастырып, жүргізу үшін өңірлерде облыс, қала және аудан әкімдері басқа­ратын лаңкестікке қарсы комиссияларды құру жоспарланады. Комиссияны мемле­к­еттік органдардың аумақтық бөлімше­лерінің бірінші басшылары тарапынан идеологиялық жұмысқа, жастар саясатына, білім, денсаулық сақтау, ақпарат, мәдениет, төтенше жағдайлар, діни бірлестіктеріне жауапты органдар мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен құрылатын болады. Түйіндей айтсақ, аталған комис­сия лаңкестік құбылыстарының алдын алумен айналысады. Ал лаңкестік әрекеттердің тікелей жолын кесумен Ұлттық қауіпсіз­дік комитеті басқаратын өңірлік және республикалық жедел штабтар айналы­сады. Бір сөзбен сабақтасақ, Президент бастама жасап, Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірлеген заң жобасы еліміздегі лаңкестіктің әлеуметтік базасын барынша сығымдап, қысуға бағытталады. Халықтың билік орындарына сенімін арттырып, азаматтарды осынау қатермен күреске кеңінен тартуға жол ашады. Тоқтала кететін жайт, әлем­дік тәжірибеге сүйене отырып, сарапшылар лаңкестікмен және экстремизммен күресте басты екі қағидатты алға тартады. Оның бірі - лаңкестікмен күреске кешенді қадам жасау. Ал екіншісі - осынау әлеуметтік құбылыспен күресте алдын алатын, ескертетін, профилактикалық ша­ралар. Мамандардың айтуынша, Президент бастама жасап, Парламент қабылдаған заңның негізгі өзегі де осы екі қағидатты қамтып, барлық мем­­лекеттік органдарды лаңкестікпен күреске жұ­мылдырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін