Жарияланды: 360

Ленинград түбінде қаза болған солтүстікқазақстандық екі сарбаздың мәйіттері табылды

Ресейлік «Неваның жедел тобы» іздеушілер жасағы 1941 жылдың күзінде Ленинград түбінде қаза болған солтүстікқазақстандық екі сарбаздың мәйіттерін тапты.

Қазіргі уақытта әскери комиссариат қызметкерлері бұл сарбаздардың туыстарын іздестіруде. Айта кетейік, із-түзсіз жоғалғандардың қатарында әлі де 15 мың солтүстікқазақстандық бар. СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің келісім-шарт және шақырту бөлімі бастығының аға көмекшісі Иосиф Марцинкевичтің сөзіне қарағанда, екі сарбаз Солтүстік Қазақстаннан шақыртылған, Петропавлда құрылған 314-ші атқыштар дивизиясының 1074-ші полкінде қызмет еткен. Олардан жеке заттар мен оқ-дәрілерден басқа жеке ақпарат бар алқа мен суреттері табылды. Жауынгердің бірі Павел Иванович Поляков 1913 жылы СҚО Мамлют ауданына қарасты Вишневка ауылында дүниеге келген. Екінші жауынгер - Дмитрий Иванович Винников, СҚО қазіргі Қызылжар ауданына қарасты Надежка ауылының тумасы. Оның нақты қай күні туғаны әзірге анықталмады. Екеуі де 1941 жылдың күзінде майданда қаза тапқан және ағымдағы жылдың қазан айында «Неваның жедел тобы» іздеушілер жасағымен табылып, Ленинград облысы Лодейнопольский ауданының Сегежа ауылында қайта жерленген. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының аудандарында олардың туыстарын іздестіру жұмысы басталды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін