Жарияланды: 660

Маңғыстау облысындағы Қазақстан-Италия бірлескен кәсіпорны металл құрылғылар өндіретін зауыт салмақшы

50 проценттік үлесін Италияның "Сайпем" компаниясы, ал қалған 50 процентін қазақстандық "ЕРС Холдинг" компаниясы иемденетін Қазақстан-Италия бірлескен кәсіпорны - "Ер Сай Каспиан Контрактор" ЖШС Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында металл құрылғылар өндіретін зауыт салмақшы. Бұл туралы KZ-today тілшісіне аудан әкімі Бахыт Бейсенов хабарлады.

Нысан құрылысы 2004-жылдың соңында аяқталып, мұнда мыңнан астам адам жұмыс істейді деп күтілуде. Аудан әкімінің атап көрсетуінше, аудандағы әлеуметтік нысандарды дамыту жөнінде компания мен әкімшілік арасында ниет хаттамасына қол қойылыпты. Атап айтсақ, ЖШС ауданда спорттық кешен салуға 200 мың доллар бөлуге әзірлік танытып отыр. Қазақстандық "ЕРС Холдинг" өнеркәсіптік инжинирингтік тобын отандық бір топ жас кәсіпкерлер құрған. Компания негізінен еліміздегі көмірсутегі шикізатын барлау және өндіру саласында әртүрлі қызмет түрлерін көрсетумен айналысады. Ал Италияның "Сайпем" компаниясы теңіздегі және жер бетіндегі құрылыс, сондай-ақ, бұрғылау жұмыстарымен айналысатын халықаралық жетекші мердігерлік компаниялардың бірі. Сондай-ақ, бұл компания мұнайгаз өнеркәсібіндегі жобаларды жүзеге асырумен шұғылданады. Алдағы уақыттарда Құрық ауылында мұнай операцияларын жүзеге асырумен айналысатын нысандар құрылысын салу көзделіп отыр. Атап айтсақ, мұнда теңіз айлағы, ірі мұнай және астық терминалдары, металл құрылғылар зауыты, кеме жөндейтін зауыт, сондай-ақ, мұнайгаз сортаментіне арналған құбырлар шығаратын зауыттар салынбақшы. Сондай-ақ, Құрықта республикалық әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері орналасатын болады. Қазір осы бағыттағы әскери қалашықтың іргетасы қаланып та қойды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін