Жарияланды: 430

Мәскеуде ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі мәжілісі өтеді

Бүгін, 28-қазанда Мәскеудегі "Президент-отель" қонақүйінде ЕурАзЭҚ мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі мәжілісі өтеді, оған үкімет басшысы Даниал Ахметов қатысады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Мәскеуден.

Мәжіліс 3-3,5 сағатқа созылады деп күтілуде. Бастапқыда ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердің барлық үкімет басшылары жабық есік жағдайында келіссөздер өткізеді, соңынан оларға үкіметтік делегациялардың мүшелері қосылады. Еліміз өкілдерінің арасында вице-премьер Сауат Мыңбаев, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Алтынбек Сәрсенбаев пен бірқатар министрліктердің вице-министрлер деңгейіндегі басшылары бар. Бүгінгі мәжіліс қорытындысы бойынша ЕурАзЭҚ үкімет басшылары кітапхана ісі саласындағы ынтымақтастық туралы, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер аясындағы біртұтас экспорттық бақылау тәртібі туралы келісімдерге, сондай-ақ, бұған дейін қабылданған келісімдерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі екі хаттамаға қол қояды. Атап айтсақ, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер арасындағы сауда-саттықта арнаулы қорғаныс, демпингке қарсы және компенсациялық шаралар қолдану тетіктері туралы хаттама мен жеке тұлғалардың шекарадан тең құқылы әрі еркін өтуіне және олардың тауарлар мен валютаны кедергісіз алып өтуіне жағдай жасау туралы келісімге қол қойылмақшы. Мәжілістен соң ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің үкімет басшылары кездесуге аккредитация алған журналистерге арнап қысқаша баспасөз мәслихатын өткізеді. Бүгінгі отырыс соңында ЕурАзЭҚ регламентіне сәйкес мемлекетаралық кеңеске төрағалық жасау құқығы Ресей үкімет басшысы Михаил Касьяновтан ҚР үкімет басшысы Д.Ахметовқа беріледі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін