Мәскеуде РФ Федералдық жиынының Федералдық кеңесінде Қазақстан парламенті сенатының күндері өтеді
Бүгін, 28-қазанда еліміз парламентінің жоғарғы палатасының төрағасы Оралбай Әбдікәрімов бастаған өкілдер РФ Федералдық жиынының Федералдық кеңесінде өтетін Қазақстан парламенті сенатының күндеріне қатысу үшін Мәскеуге аттанады. |
Сенаттың БАҚ-тармен байланыс жөніндегі бөлімінен KZ-today тілшісіне хабарлағанындай, РФ Федералдық жиынының Федералдық кеңесіндегі сенат күндері Ресейдегі Қазақстан жылына орай өткізілгелі отыр. ҚР парламенті сенатының күндерінің салтанатты ашылу рәсімі 29-қазанда өтеді.
Шара бағдарламасына сәйкес "Ресей және Қазақстан : өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету үшін заңнамаларды үйлесімге келтіру жолдары " деген тақырыпта бірлескен парламенттік тыңдаулар , сондай-ақ, шекаралық ынтымақтастық, шағын және орта бизнесті дамытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сот-құқықтық реформалардың басты бағыттары деген мәселелер бойынша дөңгелек үстелдер өткізу көзделген. Жоғарғы палата депутаттары сондай-ақ, денсулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыздық және жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыру жөніндегі мәселелер бойынша заңнамалық базаны дамыту тұрғысында өзара тәжірибе алмасады.
Сенат күндері аясында қазақстандық өкілдердің жетекшісі, ЕурАзЭҚ парламентаралық ассамблеясының төрағасы О.Әбдікәрімов ЕурАзЭҚ-тың бас хатшысы Григорий Рапотамен және Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының бас хатшысы Николай Бордюжамен кездеседі деп күтілуде.
30-қазанда ҚР парламенті сенатының төрағасы О.Әбдікәрімов пен РФ Федералдық жиынының Федералдық кеңесінің төрағасы Сергей Миронов ресейлік және қазақстандық журналистерге арнап бірлескен баспасөз мәслихатын өткізеді.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін