Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова үкімет басшысы Серік Ахметовке мектеп тамағын ұйымдастыру мәселесі жөнінде ұсыныс жасады.
«Халық денсаулығы – еліміздің байлығы. Неге біз ұлт денсаулығының іргетасын қалыптастыруда жабайылық танытып отырмыз? Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде оқушылардың 60 пайызының қан айналым, тыныс алу жүйелері, асқазан-ішек жолдары, жүрек, қозғалыс аппараты сынды маңызды органдары түрлі сырқаттарға шалдыққан.
(…) ең алдымен, бұл – дұрыс тамақтанбаудың салдарынан болып отырған жайт», — деді ол мәжілістің сәрсенбідегі отырысында премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалымен таныстыру барысында.
Депутат мемлекеттің күн сайын бастауыш сыныптағы әр баланы тамақтандыруға 300 теңге бөліп отырғанын еске салды.
«Бұл әрине, көп емес. Бірақ, дұрыстап ұйымдастырылса бала ағзасын нәрлендіруге жеткілікті. Алайда, бұл процесті шенеуніктердің бірі мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізіп жіберген. Соның салдарынан бұл бағытта үнемі эксперимент жүргізіліп келеді. Мысалы, биылғы көктемде Алматыдағы 200 мектеп оқушыларын тамақтандыруға жарияланған тендерді бұрынғы 140 мердігердің орнына 7 ЖШС ұтып алған. Оның үстіне, бұлардың қоғамдық тамақтану және балалар тағамына ешқандай қатысы жоқ компаниялар болып шықты», — деді депутат.
«Бізде тендерді кім ұтатынын жақсы білеміз – ең төмен баға ұсынған ұтады. Балаларды 110 теңгеге қарық қылам деп ұсыныс жасағандар жеңіп шықты. Тартыс жарты жылдан бері жүріп жатыр, мектеп тамағын әзірлейтін комбинаттар құру мәселесі одан да ұзақ талқыланып келеді. Ал, балалар дұрыс тамақтанбағаны былай тұрсын, әртүрлі жартылай фабрикаттар мен сапасыз тамақтан уланып жатыр», — деді Г.Баймаханова.
Осыған орай, ол үкімет басшысынан «осы мәселеде тәртіп орнатуды» сұрады.