Мәжіліс Эстония мен Қазақстан арасындағы әуе байланысы туралы келісімді бекітуді мақұлдады
Бүгін, 4-ақпанда өткен мәжілістің жалпы отырысында халық қалаулылары Эстония мен Қазақстан арасындағы әуе байланысы туралы келісімді бекітуді мақұлдады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі республика Елордасынан. |
2001-жылдың 26-сәуірінде Алматыда қол қойылған бұл келісімнің мақсаты - Қазақстан мен Эстония аумақтары арасында әуе байланысын орнатуға құқықтық негіз қалау болып табылады.
Келісімге сәйкес, тараптар екінші мемлекеттің аумағы арқылы жолай қонбай ұшып өту, көрсетілген аумақта коммерциялық емес мақсатпен аялдау, екінші мемлекеттің аумағында келісімде көрсетілген бекеттерде халықаралық бағытта тасымалданатын жолаушы, жүк және поштаны бортқа алу немесе оларды түсіру үшін аялдау құқығына ие болады.
Аталмыш мәселе бойынша палатаның отырысында түсініктеме берген ҚР көлік және коммуникация министрі Қажымұрат Нағмановтың айтуынша, "бүгінде Эстония мен Қазақстан арасында тұрақты ұшақ байланысы жоқ. Бірақ болашақта мұнай қарым-қатынас орнайтыны сөзсіз".
Келісім сенаттың талқысына ұсынылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін