Мына кеңсенідепутаттар ақыл-кеңес бөлмесі деп атап кеткен. Халық қалаулылары әдетте заң жобасына кіріспес бұрын дәл осы кітапханаға келіп, ұлы саясаткерлердің тәжірибесіне жүгінеді екен. Сондай-ақ, тарихи әдебиеттер мен экономикалық сараптамаға да сұраныс жоғары. Сондықтан биыл кітап сөрелері бірқатар тың туындылармен толығыпты.
Бүгін асханадағы да дайындық ереше. Өйткені, халық қалаулылары тағамды талғаммен жейді екен. Депутаттар қой етінен жасалған асқа қасық салмайды. Олар көбіне сиыр, тауық, балықтан пісірілген тағамдарды қалайды дейді аспаздар.
Мақсат Шахтаева, Асханаесепшісі:
— Біріншіден салаттар кіреді. Бүгін мысалы, «Шаһризада» деген салат қызылшадан, орамжапырақтан жасалған. Сосын бірі етпен, бірі тауықтын етінен жасалған көже. Екіншіге, тауық, балық пісіріледі. Қойдың етін салмаймыз, бәрі сиырдың етінен жасалады оларға.
Мынау Мәжіліс үйіндегі шаштараз. Халық қалаулылары мұнда кем дегенде айына бір рет бас сұғады. Ал, сырт келбетіне ерекше мән беретін азаматтарымыз таңертең ең алдымен осы бөлмеге кіреді. Алайда, жаңа ғана демалыстан шыққан депутаттар бүгін бұл қызметке жүгінбепті.
Мәжіліс үйінде өзгермеген бір бөлме бар. Ол халық қалаулысы Нұртай Сабильяновтың жеке жұмыс орны. Депутат 9 жылдан бері кабинетіндегі бір жиһазды жылжытпапты. Бөлмедегі тұрақтылықтың қызметтік ғұмырыма әсері болуы әбден мүмкін дейді өзі.
Нұртай Сабильянов, Мәжіліс депутаты:
— Мынау да ескі. Көмекшімде компьютердің бәрі. Ал, былай , енді көріп отырсыздар, міне ескі екені де, 9 жыл болған жиһаз екені де көрініп тұр.
Міне, жазғы демалыстан соң тынығып, таранып жеткен депутаттарымыз. Бүгін олар жаңа маусымның шымылдығын ашты.
Николай Кузьмин, Мәжіліс депутаты:
— Меніңше бұл сессия қарбалас болады. Елбасы алдымызға бес бағыт бойынша тапсырма берді. «Экспо 2017» бар. Үш жылдық бюджет сынды маңызды құжаттарды қарауымыз керек.
Сонымен, жаңа маусымға жаңа құлшыныспен кіріскен депутаттар бүгін үлкен құжаттың жүгін арқалап қайтты. Қарашаға дейін олар үш жылдық бюджеттің заң жобасын қарап шықпақ. Қазына қаржысының қайтарылымы, бөлінген миллиардтартың білім, денсаулық, жалпы елдің әлеуметтік жағдайын қаншалықты жақсарта алады деген сауалға жауап іздемек.