Бүгін Мәжілістің іші әдеттегідей емес, абыр-сабыр. Депутаттар отырыс залына асығып бара жатыр. Себебі бүгін төменгі палатаның төрағасы ресми түрде қызметіне кіріседі. Ал күтпеген жерден лауазымы көтерілген жаңа спикер өзін көп күттірген жоқ. Қабиболла Жақыповты оққағарлары залға дейін жетелеп кіргізіп жіберді. Өйткені ол ендігі жерде қорғалатын саясаткерлердің тізімінде.
-Мәжілістің жалпы отырысын ашық деп жариялаймын!
Ал Мәжілістегі екінші адамға айналған вице-спикер Дариға Назарбаева да төрдегі орнына жайғасқан. Жаңадан сайланғандардың нағыз сыналатын шағы бұл. Себебі бүгін төменгі палатада бірнеше айдан бері қоғамда үлкен пікірталас тудырған Қылмыстық Кодекс келіп түсті. Құжатқа 300-ден астам өзгеріс енгізілген. Украинадағы жағдай да елеусіз қалмады. Енді ел тұстастығына қауіп төндіріп, облыстарды бөліп алу туралы бастама көтергендер 10 жылға сотталады. Тіпті ғаламторда сондай насихат жүргізгендерді де, ауыр жаза күтіп тұр. Сондай-ақ, негізссіз жала жапқандар 12 жылға абақтыға жабылмақ.
Нұрлан Әбдіров, Мәжіліс депутаты:
— Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу мен жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу, терроризм және экстремизммен байланысты қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейту туралы түзету енгізілді.
Кодекске сай енді адам басып өлтірген жүргізушілерге жәбірленуші тараппен келісімге келуіне тиым салынады. Педофилдер мен дұрыс диагноз қоя алмай адам өліміне себепкер болған дәрігерлерге де жаза күшейтілген. Жалпы қылмыс атаулыға жауапкершілікті күшейтетін құжатқа депутаттар қарсылық танытқан жоқ. Екінші оқылымда бірауыздан бекітіп берді. Ал алғашқы жұмыс күні-ақ, үлкен дау тудырған заңның қабылдануымен Мәжіліс төрағасының иығынан ауыр жүк түскендей. Жұмысы қауырт Жақыпов тілшілермен сұхбаттасуға да уақыт таппады.
-Жаңа спикердің басшылығымен қабылданған жаңа Қылмыстық Кодекс енді Жоғары палатаға жолданады. Сенаторлар келісімін берсе, заң жобасы тез арада президенттің қол қоюына жіберілмек.