Жарияланды: 410

Меценаттар соңғы төрт жылда отандық білім беру саласына 40 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған

Қазақстандық меценаттардың соңғы төрт жылда білім беру саласына бөлген қаржысы 40 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Әсел Қапалова мәлім етті.

«Министрлік 2008-2012 жылдарға байланысты мониторинг өткізді. Осы 4 жылда меценаттардың көмегі 40 млрд теңгеден асты», - деді ол сәрсенбі күнгі брифингте. Ә.Қапалованың айтуынша, бұл қаржыға 5 мектеп пен 7 бала-бақша салынып, 34 мектеп пен 20 бала-бақша күрделі жөндеуден өткізілді. Мектептерге 6 автобус сатып алынып, 22 мектепке заманауи қондырғылар сатып алынды, 20-дан астам мектеп оқушыларының оқуы мен демалуына жұмсалды. Ертең Астанада білім саласына көмек көрсеткен меценаттарға құрмет көрсету салтанаты өтеді, деді ресми өкіл. Салтанатты шараға білім ошақтарына, дарынды жетім балалар мен тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға қол ұшын беріп келе жатқан меценаттар түгел шақырылады. Шара барысында «Болашаққа салынған инвестициялар», «Балалық шақтың ең жақсы достары», «Болашаққа қамқорлық», «Қайырымдылық - өмір салты», «Шын жүректен» сынды т.б. номинациялар бойынша үздік меценаттар есімдері аталады. Шараға шақырылған меценаттардың есімдері «Меценаттардың алтын кітабына» енгізіледі, дейді ресми өкіл.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін