— Мен бүгін Ұлы Пасха күні елордадағы православиелік шіркеуде өздеріңізбен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Сіздерді және еліміздің православиелік христиан дінін ұстанатын барша қауымды осы айтулы әрі жарқын мерекемен шын жүректен құттықтағым келеді. Бүгін әлемдегі барша христиандардың мерекесі. Сүйіспеншілік, бейбітшілік пен мейірімділікке деген үміттің салтанат құруының дәлелі болып табылатын осы күнді баршасы күтеді.
Қазақстанда ұлтаралық және конфессияаралық татулық салтанат құрған. Біз мұсылмандық Құрбан айтты, христиандық Пасханы және басқа да конфессиялардың мерекелерін бірге атап өтеміз. Өйткені, біз Құдай жалғыз және әрбір адам оған өз жолымен барады, деген жалпыадамзаттық ұлы ақиқатты естен шығармаймыз. Біздің Конституциямыз бен азаматтық заңдарымызда бекітілген ар-ождан бостандығы осыған негіз қалайды. Таурат уағыздайтын он өсиет барлық халықтар мен барша адамдар үшін құндылық болып табылады.
Қазақстандағы халықтар мен діндер арасындағы бейбітшілік пен келісімнің арқасында татулық, бір-біріне деген өзара сенім және мейірімділік салтанат құрған. Осының арқасында біз бірлесе Тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Осы жылдар ішінде біз мемлекетті, оның экономикасын нығайту бағытында жұмыс істеп, жыл сайын ел өмірін жақсарта түстік. Біз аға ұрпақ өкілдерін, көп балалы аналарды және мемлекет көмегіне мұқтаж барша азаматтарды қолдайтын боламыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев христиандарды құттықтау сөзінде.
Президент барлығына тыныштық, бақыт, ырыс-ынтымақ тіледі.
Православиелік христиандар атынан Архимандрит Серапион мемлекет басшысына ұдайы қолдау көрсетіп, конфессияның мұқтаждықтарына назар аударып келе жатқаны үшін алғыс білдірді.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті