Мемлекет басшысының төрағалығымен Назарбаев Университетінің Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысы өтіп, онда төрт мәселе қаралды - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+20 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекет басшысының төрағалығымен Назарбаев Университетінің Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысы өтіп, онда төрт мәселе қаралды

Мемлекет басшысының төрағалығымен Назарбаев Университетінің Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысы өтіп, онда төрт мәселе қаралды

Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Назарбаев Университетінің Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысы өтті, деп хабарлады президент баспасөз қызметінен.

  • 17 Маусым 2011
  • 721
Фото - Caravan.kz

Отырыс Назарбаев Университетінде өтті. Отырысқа Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Мусин, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңесінің басшылары, Парламент депутаттары, ұлттық компаниялардың, «Назарбаев Универсиеті» АҚ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ жетекшілері және халықаралық сарапшылар қатысты, делінген Ақ орданың ресми сайтында жарияланған хабарда.

Жоғары қамқоршылық кеңесі Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың жоғары басқарушы органы болып табылады. Кеңестің құзыретіне мекемелердің ұйымдастыру және басқару мәселелері жөніндегі шешімдерді қабылдау және бекіту саясатын әзірлеу жатады. Кеңестің Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болып табылады.

«Мен сіздерді жаңа Халықаралық Университеттің қабырғасында көргеніме қуаныштымын. Бүгін біз Астанадағы Халықаралық Университетті дамыту – елеміздің маңызды жалпыұлттық жобасын талқылау үшін Жоғары қамқоршылық кеңесінің бірінші отырысына жиналдық», — деп атап өтті мемлекет басшысы, кеңес жұмысын аша отырып.

Президент білім беру ісі біздің алға ұмтылысымыздың негізін, кез келген елдің даму негізін қалайтынын, сондықтан Қазақстан бұған үлкен мән беретінін атап көрсетті. Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстанда білімді дамыту үшін берік негіз қаланды. Білім саласына қаражат бөлу – бюджеттік қаржыландырудың басым бағыттарының бірі.

Мемлекет басшысы Университет отандық жоғары білім жүйесінің жалаугері, заманауи білім мен кадрлар «ұстаханасы» ретінде маңызды рөл атқаратынына тоқталып өтті. Сондықтан да оның қызметі жаңа заңнамалық алаң ретінде қалыптастырылып, халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізілуде.

«Осы жерде бұл жобаны қолдаған, оған белсене қатысқан Парламент депутаттары да отыр. Осында отырғандардың бәрі бұл Заңды әзірлеуге қатысты. Үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді деп санаймын. Қысқа мерзім ішінде Университет өз қызметін бастады, еліміз бойынша 5 Зияткерлік мектептер жұмысын жүргізуде. Зияткерлік мектептердің құрылысы жалғасатын болады», — деді мемлекет басшысы.

Президент бүгін қабылданған Заңды іске асыру және Университет пен Зияткерлік мектептерді одан әрі дамыту үшін іс жүзінде шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті.

Отырыста төрт мәселе: Қамқоршылық кеңесінің ережесін бекіту, Университеттің, мектептердің және Қордың стратегиялық дамуы бағыттары, мүлікке ие болу тәртібі талқыланды.

Университетті басқару жүйесі туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев, Заң бойынша түсініктемелер жөнінде жұмыс тобын басқарған, Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлмира Исимбаева сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Президент Әкімшілігінің Басшысы Аслан Есболайұлы Мусинді, Президенттің көмекшісі Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтановты, Шигео Катсуды, Білім және ғылым министрі Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловты Жоғары қамқоршылық кеңестің мүшелері етіп тағайындау туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар, аталған кеңестің құрамына Премьер-Министр Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов пен Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Тұрмаханұлы Орынбаев енді.

Жоғары қамқоршылық кеңесі басты басқару органы болып табылады. Ол орган Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің құрамын, оларды дамыту стратегиясын бекітеді, сондай-ақ олардың қызметіне байланысты өзге де маңызды мәселелерді қарайды.

Қабылданған Заңға сәйкес, Мемлекет басшысы Жоғары қамқоршылық кеңес туралы ереже мен «Назарбаев Қоры» Жарғысын бекітті. Онда Кеңес пен Қордың өкілеттіктері мен құзыреттері белгіленген.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің құрамы бекітілді. Университеттің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов, ал Зияткерлік мектептердің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы болып Ербол Тұрмаханұлы Орынбаев тағайындалды. Сондай-ақ, Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың Қамқоршылық кеңесінің жеке құрамы бекітілді.

Атқарушы құрылым бойынша Университеттің Ректоры қызметіне Шигео Катсу, Университеттің Атқарушы кеңесінің төрағасы және Қордың Басқарма төрағасы қызметіне Аслан Бәкенұлы Саринжипов, Зияткерлік мектептердің Басқарма төрайымы қызметіне Күләш Ноғатайқызы Шамшидинова тағайындалды.

Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша мүлікке ие болу ережесі бектілді. Мүлікке ие болудың ашық және нақты тетіктері Университеттің және Зияткерлік мектептердің тиімді жұмыс істеуі үшін қажет.

Одан кейін Университеттің, Зияткерлік мектептердің және Қордың стратегиялық дамыту бағыттары талқыланды.

Университетті қалыптастыру жөнінде атқарылған жұмыстар туралы Аслан Саринжипов баяндама жасады, Университеттің стратегиялық дамыту бағыттары туралы ректор Шигео Катсу сөз сөйледі, негізгі академиялық мәселелер туралы Университет провосты Энн Лонсдейл баяндады, Зияткерлік мектептердің стратегиялық дамыту бағыттары туралы Күләш Шамшидинова айтып өтті, Қордың стратегиялық дамыту бағыттары туралы «Cambridge Associates» компаниясының өкілі Филипп ван Оверберг хабардар етті.

Соңғы жаңалықтар