Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңажылдық сыйлықтың бағасы 3200 теңгеден асып кетпеуін ескертті – БАҚ-қа шолу - kaz.caravan.kz
  • $ 501.31
  • 520.11
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
12 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңажылдық сыйлықтың бағасы 3200 теңгеден асып кетпеуін ескертті – БАҚ-қа шолу

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жаңажылдық сыйлықтың бағасы 3200 теңгеден асып кетпеуін ескертті – БАҚ-қа шолу

«Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз». (Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың

  • 25 Желтоқсан 2012
  • 427
Фото - Caravan.kz

«Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің

жаңа саяси бағыты» Жолдауынан).

«Тура осылай айтылды. Елбасымыз айтты. Жолдауда айтты. Бұған қалай шалқымассың, қалай шаттанбассың! Алаш баласының бәрі осы сөзді естігелі бері бір-бірінен сүйінші сұрасқандай көңіл күйде. Біз еліміздің жаңа атқа ие болатын күнін қайткенде тездете алатынымызды да Елбасымыз нақты көрсетіп отыр. Ол үшін ана тіліміз — тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілі өмірдің барлық саласына деңдей еніп, барша жұрттың сұранысына ие болуы керек, жаппай қолданыс тіліне айналуы керек. Ондай күн де келеді әлі. Осындай тұста біз халқымыздың абыройын асырып, айдынын тасытқан жасампаздық құжат — «Қазақстан-2050» Стратегиясын өмірге әкелгенге дейін еліміздің қандай-қандай жолдардан өткенін көз алдымызға келтіріп, ойға батамыз»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» газетіндегі мақаласында жазушы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев. Бұл мақала көпшілік назарына «Қазақ мемлекеті атану біздің өз қолымызда» деген тақырыппен ұсынылып отыр.

Осы басылымның жазуынша, кеше Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен болған Сенат бюросының отырысында Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын іске асыру жөніндегі жо­ғар­ғы палатаның Іс-шаралар жоспары қаралып, бекітілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Жоспарда Жолдауды заңна­ма­­лық тұрғыда қамтамасыз ету, оның негізгі ережелерін түсіндіру және насихаттау,­ сон­дай-ақ, стратегияда­ белгіленген сыртқы саяси­ міндеттерді жүзеге асыру жө­ніндегі тараулар бар. Бюро, сонымен қатар, Сенат­тың 2013 жылға арналған Негізгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Бұл құжатта Мемлекет басшысының бастамаларын іске асырудағы заң шығару жұмыстарының бағыттары мен парламенттік бір­қатар ірі шараларды — үкі­мет сағаттарын, тұрақты ко­ми­теттердің көшпелі отырыстарын, дөңгелек үстел­дер, конференциялар өткізу көрініс тапқан.

***

«Айқын» газетінде «Қазақша интернетте «жарылыс» болар күн жақын» деген тақырыппен мақала берілді. Қазақша интернетте «жарылыс» болар күн алыс емес. Бұған елордада тұңғыш рет өткен «Астана интернет-форумы — 2012» республикалық форумында көз жетті. Форумға ақпараттық технология мамандары, ақпараттық технологияға қызығатын студенттер, мұғалімдер, оқушылар, тіпті ақпараттық технология саласына қатысы бар кез келген еріктінің қатысып, қазақша интернетті дамытудың жолдарын қарастыруы, өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныс тастауы көңілімізді бір серпілтіп тастады. Ең бастысы, интернет-форум таза қазақ тілінде өтті. Мұның өзі «қазақ тілі технология тілі емес» деген сыңаржақ пікірдің күл-талқанын шығарды.

«Жаңа жыл қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Саян Ахметжанов «жаңажылдық сыйлығыңыздың бағасы екі айлық есептік көрсеткіш — 3200 теңгеден асып кетпесін» деп айды аспаннан бір-ақ шығарды»,-деп жазады «Айқын» «Сыйлықтың бағасы — 3200 теңге» атты материалда. Төраға орынбасарының айтуын­ша, оның бағасы шектен асып кетсе, әкімшілік жазаға тартылуыңыз мүм­кін. Сондықтан сыйлық алмас­тан бұрын, оның бағасын біліп алғаны­ңыз жөн. Байқамай жүріп, бағалы сый­лық алып қалғандар жеті күн­нің ішінде бастығына ескертіп, оны арнайы мемлекеттік қорға тапсыру керек.

Төраға орынбасарының жоға­рыдағы пікірі «қайтқан малда қайыр бар» деген қазақтың мақалын еске түсіреді. Бірақ қайтқан малдың басын қазынаға қарай бұрып отыратын мемлекеттік қор туралы естіген-көр­ген жан болмай шықты. Оның дере­гін білмек болған әрекетімізден түк шықпады. Бұл жайлы, тіпті «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор Оралбай Әбдікәрімов те білмейді екен. «Күні бүгінге дейін жеке сый­лығымның құны күмәнді деп оны мемлекетке кері қайтарып отырған шенеунік жайлы да, оны кері қай­тарып алатын қор жайлы да естіген жоқпын. Қоғамдық сананың дең­гейі оған көтерілу үшін бізге әлі талай жұмыс істеу керек. Бізде заң­ға құлақ аспайтындар мемлекет­тік шенеуніктердің арасында да, жеке секторда да өте көп», — дейді.

***

«Әкесін сабағанды көрдік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды кім көріпті?» демекші, адамның ішкі ағза мүшелерін бөлшектеп сату былай тұрсын, енді тұтас адамды саудалау асқынып тұр. Бұлай деуіміз — негізсіз емес. Күні кеше «биыл елімізде 100-ге тарта тұлға адам саудасы мен адам ұрлау фактілері бойынша сотталды» деген дерек ғаламторда жарқ ете қалды. Мұны халық қалаулысы Айгүл Нұркина ханым Мәжіліс отырысында мәлім етіпті. Үйінен шыға ізі-қайым жоғалатын бозбала мен бойжеткендердің, ер-азамат пен әйел-аналардың обалы кімге?!»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында. Етек жайған көп қылмыстардың қатарына «адам саудасы» келіп қосылды. Кәдімгідей толыққанды қылмыс ретінде төбе көрсетіп, қара көбейтiп үлгердi. Оған депутат ханымның келтірген деректері дәлел. Депутат ханым «Ағымдағы жылдың 10 айында 231 қылмыстық іс осы адам саудасына қатысты қозғалған. Олардың ішінде 4-еуі жұмысқа заңсыз жегуге қатысты адам ұрлау болса, 13-і жұмысқа салу мақсатында адамды заңсыз бас бостандығынан айыруға, 21-і адам саудасына қатысты болып отыр. 35 оқиға жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу мақсатында адам ұрлау болса, оның 11-і кәмелетке толмағандар болып шыққан. 158 қылмыстық іс притондар ұйымдастыру мен оларды ұстауға қатысты қозғалды», — депті. Бұл мақала «Адам саудасы өршіп тұр» деген тақырыппен жарық көрді.

«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі санында «Атырауда 90 отбасы үйсіз қалды» атты мақала басылып шықты. Басылысһмның жазуынша, қыстың көзі қырауда тоқсан отбасы далада қалды. Атыраудағы Химиктер поселкесінде орналасқан бес қабатты жатақхананың едені опырылып, жертөлеге түсті. Жапа шеккендер жоқ, тұрғындар үй маңындағы мектептің спорт залына қоныстандырылды. Алайда оқиға орнына келген қала әкімі мен лауазымды тұлғалар бұл мекенді апатты үйлер қатарына қосуға асығар емес.

Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ, алғашында 22 желтоқсан күні жатақхананың үш бөліктен тұратын еденінің бір бөлігі опырылып түскен, араға екі күн салып екінші бөлігі де жермен-жексен болды. 90 жылдары пайдалануға берілген бұл құрылысшылар жатақханасының бүгінде иесі де жоқ.