Жарияланды: 1100

Мемлекеттік қызметке қабылдауда психометриялық тест сынағы енгізілетін болады

Мемлекеттік қызметке қабылдау шарттарына енгізілетін өзгерістерге сәйкес жаңадан психометриялық тест сынағы қолданылатын болады.

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өтіп жатқан «Мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісі: міндеттері мен даму келешегі» атты ғылыми-практикалық конференция барысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қайрат Нұрпейісов осылай мәлім етті. «Біздің агенттік әзірлеген мемлекеттік қызметке кадрларды таңдау жүйесі бойынша іріктеп алу жұмысы бүгінгіден біршама өзгеретін болады. Заңнаманы білу деңгейін тексеретін тестілік бақылаудан бөлек, іріктеу барысында кандидаттар тағы бір тестілік сынақ өтетін болады. Енгізілетін жаңа тестіде мемлекеттік қызметке үміткердің мінез-құлқына баса мән беріле отырып, келешек қызметкердің жұмыс тиімділігі бағаланып, болжанады. Бұл үшін қызметшінің кәсіби тұлғалық құзыреттілігін бағалауға бағытталған арнайы психометриялық тест әзірленген, ол сынақтан өткізіліп жатыр», - деді Қ. Нұрпейісов. Оның айтуынша, аталған тест мемлекеттік қызметке кандидаттың ағымдағы құзыретін ғана айқындап қоймайды, сонымен қатар оның мемлекеттік қызметші ретіндегі келешек дамуы бойынша әлеуетті мүмкіндіктері де айқын бағаланады. «Бұған көшбасшылық, стрестке орнықтылық, тез араласқыштық секілді мінездерін бағалау да жатады», - деді агенттік төрағасы. Жаңа конкурстық жүйенің енгізілуіне байланысты мемлекеттік қызметке кандидаттарды іріктеу екі кезеңмен жүзеге асады. «Бірінші кезеңде іріктеу мемлекеттік қызметке келгісі келетін азаматтар үшін агенттік пен оның аумақтық бөлімшелерінде барлығына ортақ бірыңғай тестілеу үлгісінде өтетін болады. Бұл тестілеуден сәтті өткен кандидат мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервіне өтеді. Ал екінші кезең барысында мемлекеттік органдар тек қана бірінші кезеңдік тестілеу нәтижесімен кадрлық резервке өткен тұлғалар арасынан ғана мемлекеттік қызметкерге лайықты тұлғаны іріктеп алады», - деді Қ. Нұрпейісов. Оның айтуынша, бүгінгі күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігі екі кезеңді конкурстық іріктеу бойынша еліміздің Ақмола және Оңтүстік Қазақстан облыстарында ілкі жобаны жүзеге асыруда. «Осы ілкі жобалардың нәтижелері сәйкесінше нормативтік заң шығару жұмыстары барысында тиімділігін көрсететін болады. Бұндай конкурстық жүйені енгізудің маңызы зор деп ойлаймыз», - деді агенттік төрағасы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін