Атап айтқанда, «Алматы қалалық құтқару қызметінің» хабарламасына сүйенсек, Әуезов ауданында 10 наурыз түнгі 1 сағат 32 минутта үш автокөлік бір-біріне соқтығысқан. Осы «Ниссан», «Гольф» және «Ваз-2107» көліктерінің соқтығысуы салдарынан 1 адам жедел жәрдем келіп жеткенше жан тапсырып, алты адам 7-ші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.
«Түрксіб ауданында 9 наурызда түнгі 3 сағат 54 минутта «БМВ» көлігі ағашқа соғылып, жүргізушісі жедел жәрдем қызметі келгенше қайтыс болды. Оның жолаушысы ауыр жағдайда 7-ші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілді», — деп атап көрсетті баспасөз қызметі.
Сонымен бірге, Түрксіб ауданында 7 наурыз күні 14 сағат 10 минутта «Субару» көлігінің жүргізушісі көлігін басқара алмай жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол алған жарақаттарынан жедел жәрдем қызметі келгенше оқиға орнында жан тапсырған. Сондай-ақ, 7 наурыз күні Түрксіб ауданында кешкі 20 сағат 36 минутта «Ниссан» көлігінің жүргізушісі бір әйелді қағып кеткен. Ол да оқиға орнында қаза тапқан.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті