Жарияланды: 400

Минскде ТМД экономикалық соты ЕурАзЭҚ экономикалық сотының функциясын атқару туралы ЕурАзЭҚ пен ТМД арасындағы келісімге қол қойылады

2-наурызда ЕурАзЭҚ бас хатшысы Григорий Рапота Мәскеуден Минскге ұшып кетті. Ол бүгін, 3-наурызда Минск астанасында өтетін ТМД экономикалық сотының пленумына қатысады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне ЕурАзЭҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Пленум күн тәртібінде талқыланатын маңызды мәселелердің бірі - ЕурАзЭҚ экономикалық сотының функциясын ТМД экономикалық сотының атқаруы туралы ЕурАзЭҚ пен ТМД арасындағы келісімге қол қою болмақ. Келісім жобасына сәйкес, ЕурАзЭҚ экономикалық соты құрылғанға дейін Келісімді және ЕурАзЭҚ аясындағы қазіргі қолданылып жүрген халықаралық келісімдерді қолдану барысында пайда болған экономикалық сипаттағы мемлекетаралық дау-дамайларды шешу және ЕурАзЭҚ органдары қабылдаған шешімдерді жүзеге асыру жұмыстарымен ТМД экономикалық соты уақытша айналысатын болады. Дау-дамайлар ЕурАзЭҚ-қа мүше мүдделі мемлекеттің үкіметі атынан берілген өтініш бойынша қаралады. Г.Рапотаның бұл жолғы сапарының бағдарламасында оның Беларусь мемлекеттік басшылығы өкілдерімен кездесулері қарастырылған. ЕурАзЭҚ-қа Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары қамтылады. Ал Армения, Молдова және Украина елдері Қоғамдастықта бақылаушы мәртебесіне ие.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін