Жарияланды: 580

"Мөлдір" әйелдер қауымдастығы "Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны : проблемалар және аймақтық ынтымақтастық перспективалары" атты жобаны жүзеге асыра бастады

Бүгін, 2-наурызда Алматыда "Қазақстандағы еңбек көші-қонының түйткілді тұстары, ағымдар мен келешек" тақырыбында дөңгелек үстел өтті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Мұндай шара өткізу туралы бастаманы "Мөлдір" әйелдер қауымдастығы көтеріп, Сорос-Қазақстан қоры мен Алматы қалалық еңбек, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту департаментінің қаржылық қолдауымен өткізді. Шараны өткізудегі мақсат - барлық мүдделі жақтардың назарын Қазақстандағы еңбек көші-қоны проблемасына аудару, еліміздегі көші-қон құбылыстары туралы талқылау, аталмыш проблема бойынша тұрғындардың хабардарлық деңгейін көтеру болмақ. Дөңгелек үстел барысында көші-қон саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігіне және саяси-құқықтық мәселелерге қатысты тақырыптар талқыланды. "Мөлдір" әйелдер қауымдастығы" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Ескендірованың айтуынша, "қазір Сорос қорының қолдауымен "Орталық Азиядағы еңбек көші-қоны : проблемалар және аймақтық ынтымақтастық перспективалары" атты әріптестік жоба" жүзеге асырыла бастады. Қазақстан, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттерін қамтитын бұл жоба осы мәселемен шұғылданатын барлық ұйымдардың басын қосу арқылы еңбек көші-қонына қатысты қиындықтарды шешу жолдарын қарастырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін