Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 487.73
  • 558.99
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
19 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр

Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр

1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған ХХІІ жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Моңғолия құрамасы айды аспанға шығарып, қос жүлдені олжалағанын көзіқарақты жанкүйерлер әлі де ұмыта қойған жоқ.Атап айтсақ, 65 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Цэндийн Дамдин күміс медальді иеленсе, 71 келі салмақта белдескен Равдангийн Даваадалай қолаға қол созды. Осылайша, қос саңлақтың есімі жеңіс тұғырына көтерілген тұңғыш моңғол дзюдошылары ретінде тарихта қалды, деп жазады аталған басылым «Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр» атты мақалада.

  • 16 Қазан 2014
  • 853
Фото - Caravan.kz

Басылымның жазуынша, Мәскеу Олимпиадасынан кейін де Моңғолияда күрестің бұл түрі бірден еңсе тіктей қоймады. Келесі қомақты табысқа қол жеткізу үшін оларға ұзақ уақыт бойы тынбай еңбектену қажет болды. Алайда алдындағы апайтөс ағалары салып кеткен сара жолды жалғастыруға бел буған мыңдаған жас өрендер еш дамыл тапқан жоқ. Олар дзюдо үйірмесінің есігін айқара ашты. Жаттығу залында жанкештілік танытты. Татамиде аянбай тер төкті, Ізденді. Алдарына биік мақсат қойды. Ақыры өздерінің өр мінездерінің арқасында көздеген мақсаттарына қол жеткізді. Әйгілі Цэндийн Дамдин мен Равдангийн Даваадалайдың ерлігін уақыт оза Доржпаламын Нармандах пен Хашбатаар Цагаанбаатар сынды саңлақтар қайталады. Алғашқысы — 1996 жылы Атлантада өткен ойындарда, екіншісі 2004 жылы Афина Олимпиадасында үшінші тұғырға табан тіреді. 

2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы. 100 келі салмақ дәрежесінің ақтық айқасы. Бұл бәсекеде қазақстандық Асхат Жіткеев пен моңғолиялық Тувшинбаяр Найдан күш сынасты. Күллі Алаш жұрты демін ішке тартып, өз жерлесінің тілеуін тіледі. Өйткені бұған дейін Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен бірде-бір балуан Олимп тұғырына көтерілмеген еді. Сол көшті Асхат бауырымыз бастап, Аспанасты елінде төселген татамиде алтын алады деп үміттендік. Алайда арманымыз орындалмады. «Жан алысып, жан беріскен» айқас Найданның пайдасына шешіліп, Бейжің көшінде Моңғолия әнұраны шырқалды. Ал Асхат Жіткеев күміс медальді қанағат тұтты. 

Бұған дейін балуандарымыз ұзақ уақыт бойы жапон жігіттерін жыға алмай жүргені есімізде. Оған аса таңданған жоқ едік. Себебі Жапония — дзюдоның Отаны. Яғни Күншығыс елінің өрендері күрестің бұл түрі бойынша әлемдегі көшбасшы мемлекет саналады. Десек те, кейіннен кейбір жерлестеріміз жапондарды жығып, кейбірі терезесі тең өнер көрсететіндей деңгейге жетті. Өйткені қабілетіміз бен әлеуетімізді көрді. Қазақтардың қаншалықты қарулы екеніне көз жеткізді. Бірақ одан кейін басқа проблема пайда болды. Бүгінгі таңда Моңғолия дзюдошылары қазақ балуандарының «бас ауруына» айналып отыр. Осы мәселені қалай шешуге болады? Тығырықтан шығудың жолы қандай? Осы секілді өзекті мәселелер отандық қазақстандық бапкерлерді ойландыруға тиіс, дейді мақала авторы.