Жарияланды: 440

Нашақорлар көпқабатты үйдегі пәтерді жарып жіберді

Петропавлда Облыстық қаржы полициясы ғимаратына көршілес орналасқан тұрғын үйде жарылыс болды.  Жарылыстың күшті болғаны соншалық, пәтераралық екі қабырға опырылып түскен. Кейін анықталғанындай, жалдамалы пәтерде халық арасында «қолтырауын» деген атпен тараған, есірткі құйылған бөтелке жарылған.

Оқиға түнгі сағат бірде орын алды. Кенеттен болған жарылыстың салдарынан пәтераралық қабырғалар құлап, электр желілеріне зақым келді. Көрші пәтердің 14 жасар қызы Мария бұл кезде теледидар қарап отырыпты.   

Мария  Баштанникова, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Жарылыстан кейін  айналаны   қара түнек басты. Көрші пәтермен жапсарлас қабырғадан  ер адамның  шошайып  тұрған қолын көріп, зәрем ұшты. Жарылыстың күшті  болғаны сонша, осы уақытқа дейін құлағым нашар естиді.

Оқиғаға бірінші қабатта пәтер жалдап тұрып жатқан ерлі-зайыптыларға қонаққа келген үш нашақор себепкер екен. Олар шыны бөтелкеге есірткі құйып қыздырып жатқанда ыдыстары жарылыпты. 

Нина Наберушкина, Петропавл қаласының тұрғыны:

- Қатты дүмпуден қабырға құлады. Есіктің  алдын  кірпіш басып, сыртқа шыға алмадық,  екі күн бойы көрші  пәтердің есігінен  далаға шығып жүрдік. Енді,міне,өз күшімізбен жөндеу жүргізіп жатырмыз.

Жалдамалы пәтерде тұратындар нашақорлар арасында  «қолтырауын» деген атпен белгілі дезаморфинді қабылдамақ бопты. «Бұл есірткі Петропавлда кең таралып келеді» -дейді тәртіп сақшылары. Құрамындағы заттардың  қосындысынан екі қабырға опырылып түскенде, оның адам ағзасына әсерінің қандай екені айтпаса да түсінікті.

Спартак Қабденов, СҚО ІІД баспасөз  қызметінің бастығы:

- Бастапқы болжам бойынша есірткі дайындау  барысында нашақорлар химиялық дәрі дәрмектерді және бензинді қолданған.  Бензиннің буынан  жарылыс болуы мүмкін деген жорамал   бар.   

Аталмыш оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Полицейлер әзірше тек сот-химия және құрылыс сараптамасын жүргізіп жатыр. Бір қызығы, жарылыс болған үй Облыстық қаржы полициясы ғимаратының дәл түбінде орналасқан. Ал пәтерде жарылыс жасаған нашақорлар әлі ұсталмапты, олар қашып кеткен.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть