Назарбаев баланың емес тойдың қамын ойлайтын шенеуніктерді сынға алды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.03
  • 540.29
+24 °C
Алматы
2026 Жыл
5 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Назарбаев баланың емес тойдың қамын ойлайтын шенеуніктерді сынға алды

Назарбаев баланың емес тойдың қамын ойлайтын шенеуніктерді сынға алды

Оңтүстік Қазақстан облысы шенділерінің кезекті былығы Ақордаға жетті. Мұнда құлағалы тұрған мектептерді жөндеудің орнына 500 миллион теңгеге жаңадан Салтанат сарайы тұрғызылған. Балалары білім ордаларына сыймай жатса да, өңір атқамінерлері той қамына көбірек көңіл бөлген.

  • 8 Сәуiр 2014
  • 293
Фото - Caravan.kz

Осындай бейберекетсіздікті бүгін Елбасы Білім министрінің бетіне басты. Өйткені Оңтүстіктен басқа, Шығыста, және  Қызылорда облысында апатты жағдайда тұрған жүздеген мектеп жөнделудің орнына қыруар қаржыға хан сарайындай спорт кешендері салынған. Демеушілер мен бюджеттен бөлінген миллиондарды ысырап қылған шенеуніктердің бұл әрекетін қатал сынға алған президент, министр Аслан Сәрінжіповке тәртіп орнатуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

—  Үш ауысымда оқитын апатты жағдайда тұрған мектептер бар. Соны шешудің орнына әрнәрсені істейді. Ақшаны үнемдеп керек жеріне жұмсау керек қой.

Сондай-ақ, бүгін мемлекет басшысы жаңадан тағайындалған Мәдениет министрін қабылдады. Министр ретінде  Ақордаға бірінші рет келген Арыстанбек Мұхамедиұлы әбден састы. Қойын кітапшасын қайта-қайта парақтап қолын төсқалтасына сала берді. Оның шектен тыс қобалжып отырғанын сезсе керек, Нұрсұлтан Назарбаев артық сұрақ қойып мазалаған жоқ. Тек еліміздегі кітапхана, мұражай, театр секілді мәдени ошақтардың жұмысына жаңашылдық енгізіп, қазақ тілін үйрететін орталықтардың санын көбейтуге  пәрмен берді.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Министрліктің жұмысы қазір шағындалды. Тек қана Мәдениет сенде қалып отыр. Бюджеті 26 миллиард теңге ол аз емес. Бүкіл Қазақстандағы мәдениет ошақтары бір жерде болып бір саясатты жүргізу, мәселелерін қарау керек. Әр облыста 2 театр бар. Олардың саясаты бір болу керек. Мемлекет қаржыландырады оларды.