SsangYong Nomad және Toyota Fortuner көліктері сатылмайды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
«Өткен аптада президент Нұрсұлтан назарбаев Қостанайдағы «Агромашхолдинг» зауытына сапары барысында конвейерден шыққан көліктердің капотына қолтаңба қалдырған болатын. SsangYong Nomad көлігіне «Ақ жол», Toyota Fortuner көлігіне «Қазақстандықтар «Тойотаны» жақсы көреді» деп жазды», — делінген хабарламада.
Бұл көліктерді сатып алғысы келетіндер аз болмаған көрінеді. Бірақ аталған қос көлік сатылмайды.
Қазір зауыт жеке мұражай ашу қамын қарастырып жатыр. Елбасының қолтаңбасы қойылған көліктер мұражайға экспонат ретінде қойылмақ. Әзірге мұражайдың жобасы жасалып жатқандықтан оны қай уақытта салынып бітетіні және қай жерде орналасатыны белгісіз.