“Не жасасам да “Қытайдан келген” деген әңгімелерді айтатын”: "Қазақ аруы" басынан өткен қиын кезеңді еске алды - kaz.caravan.kz
  • $ 474.04
  • 555.01
+18 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Не жасасам да “Қытайдан келген” деген әңгімелерді айтатын”: "Қазақ аруы" басынан өткен қиын кезеңді еске алды

“Не жасасам да “Қытайдан келген” деген әңгімелерді айтатын”: "Қазақ аруы" басынан өткен қиын кезеңді еске алды

2025 жылғы “Қазақ аруы” жобасының жеңімпазы Дәрия Қуатжан балалық шағындағы қиын кезеңді еске алды.

  • 15 Мамыр
  • 5
Фото: Видеодан скрин

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Ол “Айтарым бар” подкастына берген сұхбатында Қытайдан келген жылдары өзін “төмен сезінгенін” айтты.

“Қытайдың тумасымын. Сол жақта туып-өстім. 8-9 жасымда Қазақстанға көшіп келдік. Келген жылдары шеттету қатты болды. Өзімізді қазақ ретінде басып тастаған бөлек сезім. Одан бөлек, қазақ бола тұра өзімді сәл төмен сезіну керек деген сезім қаттырақ болды. Сол үшін де ұзақ жылдар бойы бұл дүниеден мен қатты қысылдым. Тіпті ата-анама жылайтынмын. Сол үшін де ол кісілерден кешірім сұраймын. Шетелге демалуға шыққанның өзінде өз еліңді сағынып қайтасың ғой. Ал енді елестетіңіздерші, басқа елге көшіп кету қалай болады?! Өміріңді толық өзгерту керек. Менің ата-анам сондай өзгерістен қорықпай, “менің бала-шағам қазақ болып, тамырын білу керек, қытай болып кетпеу керек” деген үлкен патриотизммен бізді Қазақстанға көшіріп алып келген. Сондай үлкен сезіммен келген кезде бұл жақтағы тілдің өзі орыс тілімен аралас болды”, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол бұл қиындықтардың жетістікке жету жолында пайдалы болғанын да жасырмады.

“Мектепте де буллинг болды. Мен мінезді қыз болғаннан кейін бетіме келіп айтпайтын. Бірақ оралман сыныптастарым болса оларды бөлетін. Сол кезде таң қалатынмын. Оның басқаша киінуі, тілінде ерекшеліктің болуы оны кемсітуге болады деген сөз емес қой. Сабақты 5-ке оқысам да “Қытайдан келіп алып қалай жақсы оқып жүр” деген әңгімелерді естідім. Не жасасам да “Қытайдан келген” деген әңгімелерді айтатын. Қазір ондай сезімдер кетті. Кеткеннен кейін де ашық айта бастадым. Жетістікке жеттім. Өзіме, айналама дәлелдедім және дәлелдендім. Ештеңе жәйдан жәй емес. Егер, мен Қытайдан келмесем, қазаққа деген махаббат, жүрек болмайтын еді. Жасөспірім кезімде тіпті жігітпен танысуға ыңғайсызданатынмын. Мені қабылдамайды деген сезім болатын. Бірақ Алматыға келген кезде өзімді қабылдау ауылдағы кезеңге қарағанда жақсырақ бола түсті. Себебі, қаланың адамдарына бәрібір. Қазір бәрі жақсы. Оралман деген аттан қандас дегенге өзгерді. Бәріміз бір нарықта қайнап жатырмыз. Әртүрлі елден қандас бауырларымыздың жасап датқан істерін көріп, шабыт аламын. Дәл сол кісілерде еліне махаббат қатты болады. Өйткені, олар аңсап келді”, — дейді Дәрия Қуатжан.