Атап айтсақ, саяси бюроның шешімімен төртінші шақырылатын парламент мәжілісінің құрамына сайлауда жеңіске жеткен партиядан үкіметтің екі мүшесі ғана өтті. Бұлар вице-премьер Аслан Мусин мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсова. Осы орайда еске сала кетсек, сайлауда Орталық сайлау комиссиясында тіркелген «Нұр Отанның» партиялық тізімінде әділет министрі Зағипа Балиева мен мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев та болған.
Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясынан мәжіліс құрамына бұрынғы шақырылымның 38 депутаты өтті.
Б.Жұмағұловтың хабарлауынша, «Нұр Отанның» партиялық тізіміне енген әкімдерден мәжіліске ешкім өтпеген. Тізімде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Жәнібев Кәрібжанов, Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықов, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов болды. «Біздің тізімдегі үш әкім өз жұмыс орындарында қалады»,- деді ол.
Тұтастай алғанда, партия төрағасы орынбасарының айтуынша, жаңа парламенттің құрамын жасақтау барысында саяси кеңестің бюросы бірінші кезекте еліміздің барлық өңірлерінен өкілдердің болуына мән берілді. «Болашақ мәжіліс депутаттарының кәсіби біліктілігі де ескеілді. Бұлар бірінші кезекте заңгерлер мен экономистер, инженерлер»,- деді ол. Сонымен бірге Б.Жұмағұловтың айтуынша, жаңа мәжілістің құрамында әйелдердің саны бұрынғы шақырылым парламентіндегіден екі есе артты.
«Мәжіліс құрамына партияның елімізге танымал ең белсенді мүшелері, өз ісінің майталмандары , өңірлердегі тауқыметтер мен мүдделерді , әлеуметтік саланы бес саусағындай білетіндер кірді»,- деді Б.Жұмағұлов.
«Бізде бүгін парламенттің іс-қызметіне белсене кірісуге, өз сайлаушыларымызға берген уәдеге сай бірінші кезеңде ең қажетті заңдарды қабылдауға барлық мүмкіндіктер бар»,- деді ол.
Журналистер сауалына жауап берген Б.Жұмағұловтың хабарлауынша, комитет төрағалары мен палата спикерінің кандидатуралары парламенттің бірінші отырысынан кейін кейін ғана талқыланады, ал алғашқы отырыс 2-қыркүйекте өтпек.
Осы орайда еске сала кетсек, 18-тамызда өткен мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауында жеңіске жеткен партияның 125 мүшесінен мәжіліс құрамына 98 адам енеді. Конституцияға енгізілген түзетулерге сәйкес, дәл осынша депутат пропорцонал жүйе бойынша сайланады.