Өнер мен мәдениетті кіл «проходимецтер» мен «халтурщиктер» басып алды - Еркін Рақышев - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
19 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Өнер мен мәдениетті кіл «проходимецтер» мен «халтурщиктер» басып алды - Еркін Рақышев

Өнер мен мәдениетті кіл «проходимецтер» мен «халтурщиктер» басып алды - Еркін Рақышев

Елдің еңсесін көтеруі тиіс жауапты саланы жағымпаздық деген кесел басты, дейді белгілі режиссер Еркін Рақышев

  • 19 Тамыз 2019
  • 5437
Фото - Caravan.kz

Көптеген фильмдерімен танылған өнер иесі бұл туралы ойын әлеуметтік желіде жазды.

"Мәдениетіміз бен өнеріміз талаурап тұрған тұста, менің қолыма Ислам Әбішевтің шығармашылық Одақтарды өтеусіз қаржыландыру идеясы туралы мақаласы түсті. Оқып шықтым да риза болдым. Өйткені, ұлтты жою үшін – алдымен мәдениет пен өнерді жою қажет. Ұлтты өркендету үшін – мәдениет пен өнерді асқақтату керек! Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметтің небір тұтқасын ұстаған Ислам ағамен келіспеу мүмкін емес. «Негізінен жазушылар, ақындар, журналистер жұмыс істейтін кейбір беймемлекеттік журналдар мен газеттерге әртүрлі тақырыпқа мемлекеттік тапсырыс (5-7 миллион теңге) жасалады. Қаржыны кімге беру, кімге бермеу министрліктің қолында. Жыл сайын бұл керемет шығармашыл адамдар жүгіруі, сұрамсақтануы, сұрауы, қорлануы керек және олар билікке тәуелді бола бастады. Кім оған ұнамай қалса, тез жемқорға айналады. Жемқорлық үшін Т. Жаманқұловты, С. Матаевты, Е. Біләлді айыптаған кезде тек маған ғана емес, өзін құрметтейтін көп адамға мұндайды оқу, есіту жиіркенішті болды. Тамаша дарынды адамдарды бүкіл халық алдында жемқор деп айыптады, ұятқа қалдырды. Біріншіден, мен әлі күнге дейін олардың кінәлі екендігіне сенбеймін, екіншіден, егер қандай да бір қателіктер болса, дарынсыз жұмсалған триллиондаған теңгемен салыстырғанда бұл назар аударуға тұрарлық нәрсе емес»,- дейді ағамыз.

Бұл мәселені өнер мен мәдениеттің бүкіл майталмандары білсе де, осы уақытқа дейін ашып айтуға именіп келді. Соның салдарынан өнер мен мәдениетті, шығармашылық одақтарды кіл «проходимецтер» мен «халтурщиктер» басып алды. Елдің еңсесін көтеруі тиіс жауапты саланы жағымпаздық деген кесел басты. Сол кеселдің бүгінде зорайып алғаны соншалықты, нағыз талантқа жол беруді ойламайды да! Одан ары қарай Ислам Әбішев өзінің ұсынысын айтады: «1. Тұрғын үй жағдайын жақсартуды қажет ететін, мүлдем тұрғын үйі жоқ азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. Егер 10,0 миллион теңгеден есептесе, мұндай адам саны 2-3 мың адам болуы мүмкін. 10 миллион теңгеге біздің ұсынысымыз бойынша кемінде 150 м2 үй салуға болады. Сонда жалпы сома 20-30 млрд теңгені құрайды. Бұл шығын – 2 жыл ішінде аяқтауға, сөйтіп түбегейлі шешіп тастауға болатын бірмезеттік мәселе. Егер жыл сайын 300-400 адам қосылатын болса, шығармашылық адамдардың тұрғын үйге деген тұрақты шығыны 3-4 млрд теңгені құрайтын болады. 2. Жыл сайын олардың шаруашылық және тұрмыстық шығындарын жабуға әрқайсысына 2,0 млн. теңгеден бөлінсе, жалпы сома 14-15 миллиард теңгені құрайды. (Барлық шығармашылық адам саны 7 мыңнан астам деп, артығымен есептедік). 3.Шығармашылық шығындарды жабуға (аудармалар, симпозиумдарға, көрмелерге қатысу және т. б.) шығармашылық одақтарға 5-6 млрд. теңге бөлу қажет. Сол кезде жыл сайынғы шығындардың жалпы сомасы 23-25 млрд. теңгені құрайды. Бұл сома көп емес. Біздің ұсыныстарымыздағы үнемделген сома триллиондармен есептеледі. Және бұл ақшаны шығармашылық одақтарға ешқандай міндеттемесіз, ешқандай мемлекеттік тапсырыссыз, нені жазу, қалай жазу керектігін шектемей беру қажет. Олар нені жазуға, қалай жазуға болатынын, әнді қалай айтуға, суретті қалай салуға болатынын бізге, шенеуніктерге қарағанда жақсы біледі. Ешкім де қоғамға жат лаңкестік, зорлық-зомбылықты насихаттайтын шығарма жазбайтынына мен сенімдімін. Осындай қажетті жағдайды жасай отырып, біз әлемдік ауқымдағы шығармашыл адамдарды дайындай аламыз».

Мұндай сөз ұлтын нағыз сүйетін азаматтың ғана аузынан шығады! Өйткені, қаншама режиссерлеріміз бен жазушыларымыз бала-шағасына қадірі кетіп, жоқшылықпен өмірден өтіп кетті. Сол жағдайды кешіп жатқан қаншама жас таланттарды көріп жүрміз. Егер, олардың баспанасы мен ас-ауқаты дайын тұрса, неге әлемдік деңгейдегі шығармалар тудырмасқа? Мысалы, бір ғана Димашты алайық. Талантымен әлемді аузына қаратты. Астанада немесе Ақтөбеде «Димаш концерт береді» десе, мыңдаған шетелдік Қазақстанға ағылып келіп жатыр. Әр шетелдіктің сатып алған дүниесі мен төлеген қызмет ақысы – мемлекеттің бюджетіне түсіп жатыр. Ал бүкіл жастардың, өнер адамдарының жағдайын мемлекет жасайтын болса – ол болашаққа салған инвестициямен тең болар еді! Таланттарды мыңдап емес, он-ондап, жүз-жүздеп өсіргеннің өзі мемлекетке орасан зор пайдасын тигізеді. Біріншіден, Қазақстанды шетелге таныту үшін қазіргідей қыруар қаржы желге ұшпайды. Екіншіден, шетелден қарыз алмай-ақ, таланттарымыздың өнерін тамашалауға келген шетелдіктің ақшасы еліміздің экономикасына жұмыс істейді. Үшіншіден, ұлттың болашағы кемел болары даусыз! Сондықтан, өз басым Ислам Әбішевті бетпе-бет танымасам да, ортаға тастаған ұсынысын қызу қолдаймын!",- депті Еркін Рақышев. 


Соңғы жаңалықтар