«Әлімжан Атамбеков пен Светлана Нұрханова екі жылға, ал Балғабай Түзелбаев екі жарым жылға бас бостандықтарынан айырылды. Үшеуі де жазаларын колонияда өтейтін болады. Сондай-ақ, сотталғандарға медициналық қызметпен 3 жыл көлемінде айналысуға тыйым салынады», — деп хабарлады аудандық сот төрағасы Серікбай Төлепбергенов.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 15-қараша күні Қазығұрт аудандық сотта Қазығұрт аудандық аурухананың басшылығын аурухана ішінде балаларға ВИЧ-инфекциясын жұқтыру айыбын тағу бойынша сот процесі басталған болатын. Сотталушыларға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 316 бабы, 2 тармағы (ұқыпсыздық) бойынша айып тағылған болатын.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, Қазығұрт аудандық ауруханасында балаларға ВИЧ-инфекциясын жұқтыру дерегі ауруханаға жатқан балаларды тексеру барысында өткен жылы анықталған болатын. Ауданда ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 15 бала мен 2 ана тіркелген.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы балаларға жаппай ауру жұқтыру ісі бойынша сот процесі болып, шымкенттік дәрігерлер сотталған болатын. Сол кезде 5 адам шартты түрде жазаға тартылып, 16 адам бас бостандықтарынан айырылған болатын. Сотталушылардың ішінде 6 адамға әртүрлі себептермен жазасын өтеу кейінге қалдырылған еді. Ал колонияда жазасын өтеуге кесілген тағы 6 адам босатылып үй тұтқынына айналған-ды. Қамауда 4 дәрігер отыр.
Жақын арада ВИЧ-инфекциясын таратудың автономиялық ошағы табылған Түркістан қаласында аурухана ішінде балаларға ауру жұқтыру бойынша сот процесі өтеді.
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында ВИЧ-инфекциясын жұқтырған 143 сәби тіркелген. Олардың ішінде 10-ы шетінеп кетті, біреуін шетелге алып кетті. Сондай-ақ, 16 ана да ВИЧ-инфекциясын жұқтырған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті