Жарияланды: 1300

Оңтүстік Қазақстан облысында темір-бетон құрылғылар өндіретін зауыт іске қосылды

Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтаарал ауданында темір-бетон құрылғылар өндіретін "Мелиобетон" зауыты 11 жылдық тоқыраудан кейін қайтадан пайдалануға берілді. Зауыт жыл сайын 35 мың текше метр темір-бетон бұйымдар өндіре алады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне облыс әкімінің баспасөз хатшысы Кеңес Ысмайылов хабарлады.

Зауыттың толық өндірістік қуаты 2003-жылдың 30-тамызына дейін іске қосылмақ. Зауытта қабырға панельдері, керамзит-бетоннан жасалған үй жинақтамасы, үй шатырына арналған тақталар , жақтау тақталары, керамзит қабырға блоктары, әртүрлі ригельдер мен бағаналар, параболикалық науалар өндіріледі. ОҚО-тық әкімшілігі баспасөз қызметінің ақпаратына жүгінсек, "Мақтаарал ауданындағы егістік алқаптарды қалпына келтіру және су ресурстарын басқару" жөніндегі жобаны жүзеге асырушы Түркияның "ESER" және Италияның "Тодини" компаниялары бұрындары параболикалық науаларды жыл сайын 2 млн. доллар жұмсап Өзбекстаннан сатып алатын. Ендігі жерде бұл құрылғылар жергілікті зауыттан сатып алынбақшы. "ESER" компаниясы қазірдің өзінде 120 млн. теңгенің өнімін сатып алу туралы келісім-шартқа қол қойды. Осы орайда компания темір-бетон құрылғылар өндіретін зауытты іске қосу, монтаждау және қалпына келтіру мақсаттарына арнап аванс ретінде 15 млн. теңге бөлді. Жалпы алғанда зауытты қалпына келтіруге 55 млн. теңге көлеміндегі инвестиция құйылды. Зауытта 106 адам жұмыс істеп, әртүрлі салықтар есебінен бюджеттің бүйірі жыл сайын орта есеппен 20 млн. теңгеге толығып отырады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть