Кеше өткен баспасөз мәслихатында Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің директоры, «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесінің арнайы комиссиясының төрағасы Фарид Ақбердиев облыс әкімі Өмірзақ Шүкеевке облыстық прокуратурадан жолдаған хаттың мазмұнын мәлім етті.
Хатта «Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 67-бабының талаптарын бұза отырып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтік қорғаудағы азаматтарға да, бюджеттік ұйым қызметкеріне де жатпайтын азаматтарға тұрғын үй беру дерегінің белгілі болғандығы» айтылған. Облыс прокуроры Марат Ахметжановтың қолы қойылған құжатта 22 адамның тізімі көрсетілген, олардың арасында қызметтік пәтер ретінде үй алған олимпиада жүлдегері Әлия Юсупова, басқа да спортшылар, әскери қызметкерлер, полицейлер бар. Хатта Әлия Юсупованың тіптен тұрғын үй алу туралы өтініш бермегендігі де атап көрсетілген.
Хат мәтінінде, «Шымкент әкімінің жоғарыда көрсетілген заңсыз шешімдерінің күшін жоюға қатысты шаралар қабылдау туралы мәселе қоя отырып, заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілгендігі» көрсетілген.
Бұрын хабарлағанымыздай, Әлия Юсуповаға Сидней Олимпиадасындағы жетістіктері үшін Желтоқсан көшесінде орналасқан үйдегі пәтердің кілтін президент өз қолымен тапсырған болатын.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті