ОҚО: алкоголь өнімдерін шығарумен айналысқан 3 астыртын цех жабылды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ОҚО: алкоголь өнімдерін шығарумен айналысқан 3 астыртын цех жабылды

ОҚО: алкоголь өнімдерін шығарумен айналысқан 3 астыртын цех жабылды

Оңтүстік Қазақстан облысы (ОҚО) бойынша экономикалық қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің (қаржы полициясы) қызметкерлері алкоголь өнімдерін шығарумен айналысқан үш астыртын цехты анықтады; үш кәсіпкер сотталды, деп хабарлады департаменттің баспасөз хатшысы Жұпар Мамұтова.

  • 2 Маусым 2011
  • 859
Фото - Caravan.kz

«Сайрам аудандық сотының үкімімен «Вин Алко» ЖШС-інің басшысы, азамат Мазманов мемлекеттің пайдасына Т90 мың айыппұл салынумен 1 жылға бас бостандығынан айырылды», — деді Ж. Мамұтова.

Сотталушыдан заңсыз кәсіпкерліктен ел экономикасына келтірілген шығын сомасы ретінде Т3,2 млн өндіріп алынды. Ол құрған кәсіпорын жұмыс істемейтін зауыттың аумағында бір жылдай жұмыс істеген.

«Ол жерде біреудің тауар белгілері мен фирмалық атауларын пайдалана отырып, танымал маркалардың жалған арақ-шарап өнімдері жасалып, сатылған», — деп мәлім етті қаржы полициясының баспасөз хатшысы.

Цехтан 2 мың 800 литр этил спирті, 160 литр коньяк қоспасы, 1 мың бөтелке дайын өнім, 13 мыңнан аса тіркеу-бақылау маркасы, жабу станогы табылып, тәркіленді.

Әбдуәли Марқабаев деген азамат контрафакт алкоголь өнімдерін шығару бойынша заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны, біреудің тауар белгісін заңсыз пайдаланғаны, акцизделетін тауарларды акциздік және тіркеу-бақылау маркаларымен маркалау ережелерін бұзғаны үшін Т112 мың көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеліп, 1 жылға бас бостандығынан айырылды.

«Ол Алматыда бір әйелден арақ-шарап өнімдерінің тіркеу-бақылау маркаларын, заттаңбаларын, қақпақтарын сатып алған», — деді Ж. Мамұтова.

«Ә. Марқабаев дайын өнімді Сарыағаш ауданындағы дүкендер мен дәмханаларға өткізген», — деп мәлім етті ол. Ә. Марқабаевтың үйінен Т1,7 млн соманың өнімі табылып, тәркіленді.

Ордабасы ауданының соты Бауыржан Мырзатаевты 500 АЕК (Т756 мың) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеп, 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Ол өз үйінде контрафакт алкоголь өнімдерін жасайтын астыртын цех ұйымдастырған. Бөтен тауар белгілері жапсырылған 548 бөтелке арақ, 8 мың дана тіркеу-бақылау маркасы, 9 канистра спирт табылып, тәркіленді. Соттың шешіміне сәйкес, тәркіленген жалған өнімдердің көзі құртылды.

Соңғы жаңалықтар