Өрт таңертеңгі сағат алтыда басталды. Сауда орталығының күзетшісі жалғастыра салынған бәліш пісіретін дүңгіршектен шыққан өртті байқап қалған көрінеді. Өрт сөндірушілер дереу жеткенмен, жалын сауда орталығындағы киімдерге шауып, жылдам тарай бастаған. Сайрам АІІБ қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, өртті ауыздықтауға 4 сағатқа жуық уақыт кеткен.
Бәрінен бұрын осы жерден жалға орын алып, нәпақасын тауып жүрген жүзге жуық саудагерлердің жағдайы қиындады. Олардың көбісі бизнес бастау үшін банктен несие алған. Сауда орталығының иесі ғимарат қайта қалпына келтірілгеннен кейін барлық жалгерлерге орын беретінін мәлімдеді. Алайда материалдық шығын туралы әлі ешқандай әңгіме болған жоқ.
Қазіргі уақытта зардап шеккендердің санын анықтап, залалдың бағасын белгілейтін арнайы комиссия жүмыс істеуде. Полиция қызметкерлері өрттің себептерін анықтауда. Алдын ала болжам бойынша, от бұзылған электр сымынан шыққан.