Біраз жылдан бері осында үй комитетінің төрайымы қызметін атқарған Фатима Қалдыбекова аштық жариялағандар қоныстанғалы бұл баспанадан береке кетті дейді. Төрайымның айтуынша, оларға астыртын тамақ таситындар көбейген. Шеттен келгендерді былай қойғанда, ашыққандардың өзі кіре-беріске дәрет сындырып, 8 күннің ішінде үйді әбден бүлдірді деп отыр.
Фатима Қалдыбекова, үй комитетінің төрайымы:
— Ішке енгенде аштық жариялағандардың біреуі дәрет сындырып отырғанын көрдім. Артынан қуып үйге кіргенімде, әйелдер жабылып сабап қолымды қайырды. Әрең қашып ұтылдым.
Алайда бір апта бойы нәр татпаған борышкерлер үй төрайымының жағамнан алып, қолымды қайырды дегені өтірік дейді. Фатима Қалдыбекованың өзі үйге кіріп, онсыз да өзектері талған әйелдерге тиіскен. Тіпті, дәлел ретінде оны таспаға да түсіріп алыпты.
Үй комитетін біреулер қасақана жала жаптырып отыр деп санайды. Кіре-беріске дәрет сындыру былай тұрсын, олар пәтер ішіндегі әжетхананың өзіне сүйретіліп әрең жетеді екен. Ащқұрсақ борышкерлердің көпшілігі тамақты татып алмақ түгілі, бірнеше күннен бері осылай бүктетіліп жатып қалған. Тіпті жедел-жәрдем қызметі де қанша рет келіп кетіпті. Қаз-қатар салынған төсекте бастарына ашпыз деген орамал байлаған әйелдер бала-шағасымен осында түнеуде.
Шырайгүл Алтынбекова, борышкер:
— Жетім-жесірмін, үйім жоқ менің. Бір Құдайдың тастағында отырмын, болды. Неше жыл байыммен, қызым пенсия алмай өліп қалды бала-шағаның қызығын көрмей.
— Үйіңізді алып қоямыз деді ме сонда?
— Алмайды, мен өлгенде алады. 9 миллионды мен өлсем де төлемеймін.
Мұндай наразылық Алматыда да жалғасуда. 6 әйел қабырғаға аштық жарияланғаны туралы айғайлатып жазып, судан басқаны татып алмауға тәуекел еткен.
Бақыт Бискембаева, борышкер:
— Осы жерден жанымды бергенше, жанымды қинап отырғанша мен осы жерде отырамын.
Кезінде несие алып, оны дер кезінде өтей алмаған борышкерлер банктер қарызымызды біржола жойсын деген талап қоюда. Ол үшін мемлекет келіссөз жүргізіп беруі керек екен. Осы жолы барлығы топталып хатта жазып, оны билік өкілдеріне табыстады. Тек банктер бұл талапқа құлақ асып отырған жоқ. Алматылық борышкерлер болса пәтерін ертең босатуы тиіс, ал шымкенттегілер әлі екі апта ашығады. Тек, ол уақытқа дейін ашқұрсақ ағайындардың жағдайы қалай болары белгісіз.